Алматы облысында грант иегерлерінің тізімі анықталды
Ұлттық біріңғай тестілеуге қатысқан облыс түлектерінінің жартысына жуығы оқуға түсті. Бұл жоғарғы көрсеткіш. Білімге ұмтылған жастар талап пен еңбектің арқасында армандарына жетті. Сондай ақ 35 жас түлекке Алматы облысы әкімінің арнайы білім гранттары беріледі.
Облыста мектеп бітірген 18 мыңнан астам түлектің 16 мыңнан астамы ҰБТ-да бағын сынап, 6 мыңн 6 жүзден астамы мемлекеттік грант иегері атанды. Солардың бірі -Қонаев қаласындағы №3 орта мектепті «Алтын белгімен» бітірген Нұрай Құрманғазықызы. Ол Ұлттық біріңғай тестілеуден 112 балл жинап, Қазақ-Британ техникалық университетіне грантқа түсті.
НҰРАЙ АБЫЛҚАЙЫН
БІЛІМ ГРАНТЫНЫҢ ИЕГЕРІ
«.. Өзім таңдау пәндерім -физика-математика. Және де бұл ең қиын таңдау пәндерінің бірі болып келеді. Сондықтан мен кішкене қобалжып, грантқа түсе аламын ба деп өзімді жеп жүрген болатынмын. Негізінен, мен басында тіпті 100 баллға да жетпей, 80-90 балл алып жүретінмін. Бірақ кейін қатты тырысып, өз-өзіме сенгеннің арқасында қалаған балымды алдым»
Елімізде бағы жанып, оқуға түскендерден бөлек, шетелде білім алғысы келетін 65 оқушы Қытайдың беделді университеттеріне жолдама алып, шақырту хаттарын күтіп отыр. Ал мемлекеттік грантқа іліне алмай қалған жастар үшін де мүмкіндік бар. Өңірдегі кадр тапшылығын азайту мақсатында облыс әкімінің арнайы 35 гранты бөлінді. Оның басым бөлігі, яғни 22-сі медицина мамандарына, қалғаны мұғалімдер мен агрономдарды даярлауға берілмек.
ДИАНА ОНБІРБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бірінші этап мемлекеттік гранттарды иелену кезеңі аяқталды. Енді алдағы уақытта бір-екі күнде енді Сүлеймен Демирел атындағы біздің облысымыздағы жалғыз университет, соның базасында облыс әкімінің грантына құжат қабылдау басталады. Бұнда тағы да біздің түлектеріміздің мүмкіндігі бар білім грантын иеленуге»
Колледжге түскісі келетіндер де ұтылмайды, өңірдегі 41 колледжде қабылдау жұмыстары толықтай «OQU» электронды платформасына көшірілген. Бұл ретте мектепті жақсы көрсеткішпен аяқтап, арманына жеткен Нұрай сияқты түлектердің болашаққа құрған жоспары да ауқымды. Ол таңдаған «Автоматтандыру және басқару» мамандығы бойынша оқып, білімін шетелде де шыңдауды көздейді.
НҰРАЙ АБЫЛҚАЙЫН
БІЛІМ ГРАНТЫНЫҢ ИЕГЕРІ
«Енді алдағы жоспарым -осы төрт курсты университетте өте белсенді өткізу, көптеген олимпиада, ғылыми жобаларға қатысып, өзімді белсенді студент ретінде көрсету. Сонымен қатар ең басты мақсаттарымның бірі -жақсы GPA-ді сақтап, кейін екінші курстан бастап шет елге шығып, сол жердегі басқа университеттерге барып оқып көру. Кейін менің басты мақсатым - ол магистрге Еуропа мемлекеттеріне түсу»
Сондай ақ облыста «Мектепке жол» акциясы белсенді жүріп жатыр. Әлеуметтік осал топтағы 63 мыңнан астам балаға мектеп формасын алуға бюджеттен 3 миллиард теңгеден астам ақша бөлінген. Әр балаға орташа есеппен 50 мың теңгеден астам қаржылай көмек берілмек. Биыл өңіріміздегі 502 мектепке 384 мыңнан астам оқушы барады. Ал 35 мыңға жуық бала алғаш мектеп табалдырығын аттайды.