Алматы облысында медициналық көмек мүмкіндіктері артып келеді
Есік қаласындағы №1-ші перинаталдық орталығында биыл салмағы 500 граммнан 1 келіге дейінгі 16 нәрестеге медициналық көмек көрсетілді. Ал, жансақтау және қарқынды терапия бөлімінде 414 науқас жәрдем алған.
Шала туған нәрестенің салмағы толық жетілгенше арнайы жабық аппаратта, анасының құрсағындағы температурада апталап, айлап жатып жетіледі. Арайлым Қасымованың қызметі осы неонаталдық бөлімдегі балалардың жағдайын бақылау. Әр нәрестенің жүрек соғысы, тыныс алуынан бастап тамақтануына дейін қадағалайды. Бұдан бөлек мамандар нәрестелерді ағзасын тексеріп, диагнозын анықтайды.
АРАЙЛЫМ ҚАСЫМОВА
НӘРЕСТЕЛЕРДІ ҚАРҚЫНДЫ БАҚЫЛАУ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
«Уақытынан ерте туған нәрестелер осы орталыққа келеді. Мына нәресте мысалы кеше келді. 33 апталық ерте тууына байланысты бұл балаға қосымша өкпе желдетуі қажет. Жылу қажет. Қосымша тамақтануы арнайы талаптарға сай болуы керек. Егер бала тамақты қорыта алса анасынан ана сүтін алып келеміз. Егер бала тамақты қорыта алмаған жағдайда перинаталды яғни қан тамыры арқылы тамақтандырамыз.»
Перинаталдық орталықта ана мен балаға үшінші деңгейлі медициналық көмек көрсетіледі. Мұнда жыл басынан бері осындай 1190 әйел босанған. Биыл ғана қолданысқа берілген жаңа нысан толықтай заманауи техникамен жабдықталды. Сонымен қатар орталықта күрделі гинекологиялық оталар да жасалады.
ДӘУРЕН ИМАНАЛИВ
ЕСІК ҚАЛАСЫ №1 ПЕРИНАТАЛДЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Гинекологиялық оталардың барлық түрі жасалып жатыр. Бұрын жатырдың түсуі, қынаптың түсуі, зәр ұстай алмау сынды патологиясы бар әйелдер Алматы қаласына барып ота жасататын, ертеректерде бұл оталар тіпті Ресей, Германия елдерінде жасалатын. Біздің елімізде ондай оталар көп жасалмайтын. Қазіргі жетістігіміз осындай оталар өзіміздің орталықта жасалып жатыр.
Орталықта 70 дәрігер мен 93 медицина қызметкері жұмыс істейді. Сонымен қатар биыл медицина мекемесіне Қазақстан халқы қорынан 2,3 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Бұл қаражатқа заманауи генетикалық талдау құрылғыларын,соңғы үлгідегі лапароскоп пен рентген сынды ең қажетті аппараттарды алу жоспарланып отыр.