Алматы облысыныда «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы жаңа талаптармен толықты

Алматы облысыныда  «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы  жаңа талаптармен толықты. Баспаналы болғысы келетін жандардың өтінімдері бүгінен қабылдануда. Жоба аясында 30 миллион теңгеге дейін несие рәсімдеуге болады. Бағдарламаға енгізілген өзгерістер, тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың мүмкіндігін кеңейтеді.

«Алатау» ипотекалық бағдарламасы биыл жаңа талаптармен жалғасады. Алматы облысында баспанаға қол жеткізуді көздеген азаматтар үшін жоба шарттарына бірқатар өзгеріс енгізілді. Өткен жылы жобаға 3,7 миллиард теңге қарастырылып, оның 3,5 миллиарды игерілген. Нәтижесінде 132 отбасы қоныс тойын тойлады. Биыл бағдарламаға қатысу талаптарының бірі нақтыланды. Үміткердің және оның отбасы мүшелерінің соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда өз атына рәсімделген баспанасы болмауы керек. Яғни, үйдің толық немесе белгілі бір бөлігі өз меншігінде болса, сондай-ақ кейін сатып алуға болатын жалдамалы үйде тұрып жатса, бағдарламаға қатыса алмайды.

ЖАНҒАЗЫ ЖАНАБАЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТҮКШ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 
«Облыстық бюджеттен 3,2 млрд теңге бөлініп, 120-дан астам отбасына осы жылы баспанамен қамту мүмкіндігі туындап отыр. Біздің облыстық басқарманың қызметкерлері өтінімді қабылдайды. Дүйсенбі, жұма 9-дан кеш 6-ға дейін, сенбі күні 9-дан сағат 13:00-ге дейін қабылдайтын болады. Құжаттар қабылданғаннан кейін облыстық комиссияда қаралады»

Әлеуметтік жағдайы ескерілетін азаматтарға да биыл қосымша ұпай беріледі. Мысалы, жұбайынан айырылған азаматтарға 2 балл толық есептеледі. Ал ерекше қажеттілігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналар тиісті құжаттарын көрсетсе, қосымша балл жинай алады. Бала асырап алған отбасылардың да балалары есепке алынады. Яғни, отбасыдағы бала санына қарай тиісті ұпай беріледі. Биыл бағдарламаға журналистер мен басқа да бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де қатыса алады. Ол үшін олардың құжаттары бағдарлама талаптарына сай болуы керек.

АНАР ЕСТИЯР
«ОТБАСЫ БАНК» АҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ  ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Барлық талаптар кім бұл бағдарламаға қатысатыны әкімшілікпен бекітілген. Отбасы банктың тарапынан тек несие беру ғана қарастырылатын болады. Міндетті түрде бұл бағдарламадан өткен азамат бізге келіп жаңағы жолдамасын алып келу керек әкімшіліктен «өттім» деген. Сол жолдама арқылы бізде несие квалификациясынан өтетін болады»

Бағдарламаға қатысуға өтінім беріп, іріктеуден өткен азаматтарды банк мамандарының тексеруі күтеді. Мұнда ең алдымен үміткердің несие тарихы мен төлем қабілеті қаралады. Егер несие тарихында мәселе болса, өкінішке қарай, ипотека рәсімдеу мүмкін болмайды. Ал табысы жеткіліксіз болған жағдайда да мүмкіндік бар. Азамат екі кепілгерді тарту арқылы төлем қабілетін растауға және несие рәсімдеуге мүмкіндік алады. «Алатау» бағдарламасы бойынша өтінімдер 17 тамыздан бастап қабылданады. Ипотеканың ең жоғары сомасы – 30 миллион теңге, жылдық мөлшерлемесі – 5 пайыз, ал бастапқы жарнасы – 10 пайыз.

Сондай-ақ оқыңыз: