25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді
25 тамыздан бастап Қазақстанда алимент төлеудің жаңа тәртібі күшіне енеді. Енді өндірілетін алимент арнайы банктік шотқа ғана аударылады. Арнайы шоттың болмауы борышкерді міндеттен босатпайды. Алайда алимент алушы арнайы шотты ұсынғанға дейін өндірілген қаражатты аударып ала алмайды.
Өзінің есімін атамауды өтінген кейіпкеріміздің төрт баласы бар. Ол жолдасымен дәм-тұзы жараспай, ажырасты. Алайда күйеуі жауапкершіліктен жалтарып, алиментті төлей алмаймын деп айласын асырмақ болған.
«Жасым 32 де 4 балам бар. Күйеуіммен ажырасып кеткеннен кейін 3 жылға дейін балаларымды өзім асырадым. Ешқандай көмек қолын созбады. Жеке сот орындаушылардың көмегіне жүгіндім. Қазіргі таңда жеке сот орындаушылары күйеуімнің жеке мүлкін тәркілеп, сатуға қойып, маған 17 млн 380 мың теңге жасап берді.»
Мұндай мысалдар көп. Мәселен борышкерлердің біразы алимент қаржысының дұрыс қолданылмай жатқанын алға тартып, қадағалау қажеттігін өтінеді. Осындай түрлі амалды сылтау ететіндер саны аз емес. Алматы облысының өзінде 449 ата-ана туған баласына қол ұшын созудан жалтарып жүр. Енді 25 тамыздан бастап алименттерді аударудың жаңа тәртібі қолданысқа енгізіледі.
Күшіне енетін жаңа тәртіпке сай алимент алушы арнайы банк шотын ашуы қажет. Сот орындаушысы өндірілген алимент қаражатын тек сол шотқа аударады. Бұл қаражатқа арест салынбайды және қаржы ұйымдары арнайы шоттан алимент қаржысын шешіп ала алмайды. Осылайша, өндірілген қаражат басқа міндеттемелерді өтеуге жұмсалмай, толық көлемде өзінің мақсатына пайдаланылады.
Ал баланы асырау қаражатын өтеушіден өндірілген қаржы белгіленген тәртіппен аударылады. Бұл аралықта берешек сақталады және жойылмайды. Ажырасқан ерлі-зайыптылардың арасында дау туындаса сот орындаушыларының көмегіне жүгіну қажет.
ЖАҚСЫЛЫҚ БЕДЕЛБЕК
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫЛАРЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Алматы облысы бойынша 20063 атқарушылық іс жүргізу бар алимент төлемі бойынша. Қазіргі уақытқа 17 532 атқарушы іс қалған болатын. 7 айлықтың ішінде өндіріп алушыларға 1 млрд 27 млн 867 мың 433 теңге біз өндіріп бердік.»
Егер борышкер сот шемімін орындамаса, оған әкімшілік жаза тағайындалып, айыппұл арқалайды. Тіпті қоғамдық жұмыстарға тартылып, бас бостандығынан шектелуі де әбден мүмкін. Алимент — ата-ананың баласын асырауға қатысты заңмен бекітілген міндетті норма. "Сондықтан жұмыссыздық немесе табыстың болмауы алимент бойынша міндеттемені өздігінен тоқтатпайды"- дейді мамандар.