Ұйғыр ауданында түнгі патрульдік бақылау күшейтілмек
Ұйғыр ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және түнгі уақытта жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар күшейтілмек. Полицияның талдауына сәйкес, жыл басыннан бері қоғамдық орындарда 15 қылмыстық оқиға болды. Осыған байланысты түнгі уақытта патрульдік бақылауды күшейтіп, рейдтік шараларды жиі өткізу қажеттігі айтылды. Ауданда жыл басынан бері атқарылған жұмыс арнайы коммисия отырысында талданды.
Түнгі уақытта жасөспірімдердің қауіпсіздігі де назарда. Полиция қызметкерлері жүргізген рейдтер кезінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде жүрген 277 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталған. Олардың ата-аналарына қатысты әкімшілік шаралар қабылданған. Осыған байланысты патрульдік бақылауды күшейту мәселесі көтерілді.
ЕРАСЫЛ ТОЛЫМБЕКҰЛЫ
ҰЙҒЫР АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«...Басты назар — қылмыстың алдын алу, құқық бұзушылықтарға жол бермеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне аударылды.«Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, кәсіпкерлермен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастырамыз»
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары қоғамдық орында мас күйінде болу немесе спирттік ішімдік ішу бойынша 125 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Алкогольді белгіленбеген уақытта және кәмелетке толмағандарға сату фактілері де жетерлік. Ол бойынша 8 әкімшілік хаттама толтырылып, материалдар сотқа жолданды. Кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
АРСЕН ЗИНАЛҰЛЫ
КӘСІПКЕР
«Бүгін өте маңызды өте керекті іс шара болып өтті. Аудан бойынша мынау алкаголь өнімдерін сату соны дұрыстап реттеп заң аясында жұмыс істеудің мәселесі қаралды. Мен оны қолдаймын, себебі әр қандай жағдай біздің кейін кезде болып жатқан жағдай осы алкаголь өнімдеріне байланысты болып жатыр. Сол үшін кәсіпкерғой дамуы керек соның өзінде заң аясында уақытында тоқтатып кәмелетке жетпеген жастарды 21 жасқа дейін сатуға болмайды»
Жауапты органдарға түнгі рейдтерді күшейтіп, заңсыз сауда орындары мен сапасыз алкоголь өнімдерін анықтау тапсырылды. Ауыл әкімдеріне кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізу міндеттелді.