Еңбекшіқазақ ауданына медицина игіліктері жетті
Ауылға заманауи медицина қызметі жетті. Еңбекшіқазақ ауданында жылжымалы маммографиялық көлік елді мекендерді аралап, әйелдерге қажетті скринингтік тексерулерді сол жерде жүргізіп келеді. Сондай-ақ ауыл тұрғындары көзге ота жасату мүмкіндігіне ие болды.
Жетпіс жастағы кейуана Ханшайым Жарылқасын денсаулығына бейжай қарамай, уақытылы медициналық тексеруден өтіп тұрады. Ауылға білікті мамандардың келгенін естіп, заманауи диагностикалық құрылғылардың көмегімен денсаулығын жан-жақты бақылауға мүмкіндік алды. Ол осындай медициналық қызмет ауыл тұрғындары үшін аса маңызды дейді.
ХАНШАЙЫМ ЖАРЫЛҚАСЫН
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Аппарат ауылға келіп жақсы болды. Есікке баратынбыз. Қалаға баратынбыз. СКЛ. Денсаулық үшін бұл жақсы болды. Біз қаралып тұрамыз. Қиналмайтын болдық. Жақсы болды ауылда бар болып.»
Жылжымалы маммографиялық көлік елді-мекендерді аралап, әйелдерге қажетті скринингті жасайды. Мамандардың айтуынша сүт безі қатерлі ісігіне 40-70 жас аралығындағы әйелдер жиі шалдығады. Кей тұрғындар денсаулығын тексеруді кейінге шегереді. Алайда бұл қызмет тегін көрсетіледі және медициналық сақтандыруы жоқ азаматтар да тексеруден өте алады.
ГҮЛМИРА ОТЫНБЕКОВА
ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Биыл наурыздан бастап шалғай елді мекендерге жылжымалы маммографиялық аппараты, яғни «маммокарт» жіберіле бастады. Аппарат ауылдарға арнайы кесте бойынша барады. Әйелдердің саны мен елді мекеннің орналасуына қарай маммокарт бір ауылда 2-3 аптаға дейін жұмыс істейді..»
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасы заманауи медициналық аппараттармен толықты. Соның арқасында дәрігерлер 80-нен астам науқастың көзіне ота жасады.
ӘДІЛ СУХРАБ
ДӘРІГЕР-ОФТАЛЬМОЛОГ
«Бұл құрылғының көмегімен катарактаның кез келген түріне, яғни асқынбаған күрделі жағдайларға ота жасауға мүмкіндік бар. Бастысы - отадан кейінгі оңалту кезеңі әлдеқайда жылдам өтеді. Отадан кейін науқасты үйіне жібереміз. Ал келесі күннің өзінде оның көру қабілеті 100 пайызға қалпына келіп жатады.»
Жыл соңына дейін аурухана бауыр ауруларын анықтайтын заманауи «FibroScan» құрылғысымен толығады деген жоспар бар.