Қонаевта «Мектепке жол» акциясы аясында 1700-ге жуық оқушыға әлеуметтік көмекпен қамтылады

Қонаевта  «Мектепке жол» акциясы аясында 1700-ге жуық оқушы әлеуметтік көмекпен қамтылады. Оның бір бөлігіне мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жасалса, қалғанына демеушілер мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарын алып береді. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 73 миллион теңгеден астам қаржы қарастырылған.

Мемлекеттік қаржылай қолдау 1 442 оқушыға жасалады. 252 балаға демеушілер көмек көрсетеді. Әр балаға берілетін мемлекеттік төлем көлемі – 50 мың 851 теңге. Бұл қолдау аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қарастырылған.

БАҒЛАН ТАУАНОВА
ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ ТӘРБИЕ ЖҰМЫСЫ ЖӨНІНДЕГІ ӘДІСКЕРІ
«Атап өткен мемлекеттік бюджет тарапынан бөлінген 1442 баланың бүгінгі таңда 80%-ы, яғни 1139 баланың ата-аналарына немесе заңды өкілдерінің есепшотына тиісті сумма бөлінді. Қалған балалар бойынша қазіргі кезде жаңағы есепшотқа аудару жұмыстары жүргізіліп жатыр»

Қалған 303 балаға тиесілі қаржыны аудару жұмыстары жалғасып жатыр. Мемлекеттік қолдау тізіміне енбеген отбасылар да назардан тыс қалмайды. Олар мектептің әлеуметтік педагогына жүгініп, демеушілік көмек алуға өтініш бере алады. Берілетін қаржы, ең алдымен, мектеп формасын, аяқ киім мен оқу жылына қажетті басқа да заттарды сатып алуға жұмсалады.

ГҮЛДАНА ЖАНТАСОВА
КӨПБАЛАЛЫ АНА
«Биыл енді жалпы биылғысын нақты айта алам. 50 850 сондай теңге алғанбыз. Оның ішінде енді нақты мен өзімді айтайын, сол суммаға не алдым. Мен яғни екі ұлдарыма шалбарын алдым, туфли, екі ақ рубашкасын, енді жеке гигиена заттарына сол сумма кірді деп айтсам болады»

ЗАРИНА МАРВАНОВА
КӨПБАЛАЛЫ АНА
«Мемлекеттен көмек алмайтындықтан, мектеп тарапынан бізге демеушілік көмек көрсетіледі. Биыл бір балаға 25 мың теңгеден қаржылай көмек берілді. Сонымен қатар, екінші рет демеушілер мектеп сөмкесін табыстады. Оның ішінде балаға қажетті барлық кеңсе тауарлары бар»

Бүгінде демеушілер 53 балаға жалпы сомасы 2 миллион теңгеге жуық көмек көрсеткен. Игі бастама мұнымен шектелмейді. 24- 25 тамыз күндері Қонаев қаласының орталық алаңында мектеп жәрмеңкесі өтеді. Мұнда мектеп формасы, кеңсе тауарлары мен оқу жылына қажетті өзге де заттар қолжетімді бағамен ұсынылады. Ал «Мектепке жол» акциясы 30-қыркүйекке дейін жалғасады. 

Сондай-ақ оқыңыз: