Жаздың әр күнін тиімді пайдаланған шаруалар қыстық мал азығын қамдап жатыр
Жаздың әр күнін тиімді пайдаланған шаруалар қыстық мал азығын қамдап жатыр. Кейбірі дайын шөпті сатып алса, енді бірі оны өз шауып, кептіріп, қысқа сақтайды. Жамбыл ауданы, Беріктас ауылының тумасы Ерғали Шұғаев та осы іске білек сыбана кіріскен. Техниканы іске қосып, шабындыққа орақ салды.
Шаруа үшін таңның атысы жаңа тірліктің бастауы. Әдетте шалғын күн ашық әрі құрғақ уақытта шабылады. Шөп жақсы кептіріліп, мал азығына құнарлы пішен дайындалады. Ерғали Шұғаевтың отыз гектар шабындық жерінде биыл шөп бітік шықты. Әке жолын жалғаған азамат істің берекесін кетірмей, абыройлы атқарып келеді.
ЕРҒАЛИ ШҰҒАЕВ
«БЕРЕКЕ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ
«Ең басында осы шаруашылықтың басын құраған әкеміз еді. Сол өзі кейін дүниеден өткеннен кейін сол шаруашылықты өзім қолыма алып, ары қарай жүргізуге бел будым. СКЛ. Биылғы жыл жаман емес. Жаңбырлы. Мына шөбіміз де биыл жақсы. Молынан беріп жатыр. Шөптен биыл сол 500 дей рулон шөп алдым ғой. Толықтай малыма жетеді. Сырттан сатып алмаймыз. Өзімізге жарап жатыр.»
Трактордың гүрілі – сайын даланың оянғанының белгісіндей. Біз де қазір сол қызу тіршіліктің төрінде, еңбектің ізін көруге келдік. Бұл темір тұлпар – шаруаға серік, нәпақасына дәнекер, маңдай терінің куәсі. Жаздың қызығы шаруалар үшін осы. Күннің қызуында қыстың қамын жазда ойлап, берекесін алдын ала қамдайтын шақ.
Қазір шаруаның қорасында жиырмадан аса сиыр мен жылқы, бес жүз бас ұсақ мал бар. Екі жүз гектар жайылымы төрт түлікке кең өріс. Бұрын шөп қолмен шабылса, қазір бұл жұмыс техниканың көмегімен жеңілдеді. Дегенмен, шөп шабудың өз тәртібі мен машақаты бар. Тым құрғатпай, ылғалын жоғалтқанша бірнеше рет аударып, күнге жаяды.
ЕРҒАЛИ ШҰҒАЕВ
«БЕРЕКЕ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ИЕСІ
«Жасап жатқан ісің оңынан болса, барлығы ыңғайымен келіп тұрса, әрине қызығып істеуге болады. СКЛ. Қиындықты жеңуге болады. Еңбек ету керек. Ертеңнен қара кешке дейін әйтеуір өзіңнің істеп жатқан ісің өзіңе көрінсе, міне қызығушылық та сол болады ғой.»
Мал басын көбейтуді мақсат еткен Ерғали Семенғалиұлы шаруашылықты одан әрі дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор деп біледі. Алдағы уақытта мал тұқымын асылдандырып, шаруашылықтың өнімділігін арттыру үшін субсидиялық бағдарламаға жүгінуді жоспарлайды.