Қонаев қаласында Президент Жолдауын іске асыру талқыланды

Фото: gov.kz

Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің төрағалығымен Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға арналған актив жиыны өтті. Жиында өңдеу өнеркәсібі, аграрлық сектор, білім беру, медицина сияқты салаларды цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу басымдықтары атап өтіліп, жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берілді.

Облыста халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында азаматтарды қабылдау орталығы ашылды. Сонымен қатар инвестиция тарту, туризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде.

Президент Алатау қаласын өңірдегі алғашқы цифрлы қала әрі инновациялық орталық ету бастамасын жариялады. Сондай-ақ тау кластерінде «Ой-Қарағай» курортына газ құбыры тартылып, жол мен электр желілерін жаңарту жобалары қолға алынуда.

Алматы облысы алдағы уақытта да тұрғындардың жайлы өмірін қамтамасыз етуге және өңір экономикасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жобаларды жалғастырмақ.