10 мектеп күрделі жөнделеді
Қарасай ауданында күрделі жөндеуді қажет ететін он шақты мектеп бар. Соның бірі – Қаскелеңдегі А. С. Пушкин атындағы орта мектеп. 1964 жылы салынған білім ордасының жағдайына алаңдаған ата-аналар жөндеу мәселесін көтеріп отыр. Алматы облыстық білім басқармасы мектептің жай-күйіне қатысты пікір білдірді. Ата-аналардың айтуынша, Қаскелеңдегі Пушкин атындағы мектептің санитарлық бөлмелері сын көтермейді. Олар мектеп ғимаратын жаңарту мәселесін бірнеше жылдан бері айтып келеді
ЕЛЕНА ПАНКРАТОВА
АУДАН ТҰРҒЫНЫ
«Қаскелеңде барлық мектептер жөндеуден өтіп, ретке келтіріліп жатыр. Балаларымыздың сапалы білім алуын қалаймыз. Ұстаздарымыз жақсы. Алайда қауіпсіздік мәселесі алаңдатады. Себебі оқушылар дәретханаға баруға қорқады.»
АҚЖАН АНАПИЯ
ТІЛШІ
«Жыл сайын әр мектепке ақтап-көктеу жұмысына, яғни қалпына келтіру үшін мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Алайда, мектептің қабырға сылағы түсіп, мүлдем тозған. Биыл жан басына шыққан қаржыландыру бойынша ағымдағы жылға 708 мың тенге қыргүйек айында бөлінген. Ал мектеп директоры конкурс жариялау үшін өтінішті кеш берген.»
640 балаға арналған оқу ордасында қазір 1081 бала екі ауысымда оқиды. Ал жыл сайын беретін есебінде мектепті қалпына келтіру жұмысы жүз пайызға орындалды деген есеп берген көрінеді. «Себебі қаражат жетіспеді» - дейді ол.
ҚАНАТ ҚОҚАНОВ
МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ
«Тиісті төлемдерді төлегеннен кейін тамыздың соңында 700 мың теңге қалды. Қазір осы қаражатқа конкурс жариялап отырмыз. Қазан айында өткізіледі».
Қарасай аудандық білім бөлімінің өкілдері мектептің дайындығы туралы есепте жөндеу жұмыстары толық орындалғаны көрсетілгенін айтады. Тексеру кезінде кейбір жұмыстардың аяқталмағаны анықталған. Енді аудандық білім бөлімі мектеп директорына тәртіптік шара қолдануды жоспарлап отыр. Ал ата-аналар шағымданған санитариялық бөлмелерде бірнеше күннен соң жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы мәлімдеді.
ҚАЙРАТ ЖҰМАНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет. Осы мақсатта былтыр жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Құжатқа сәйкес, білім беру нысанын алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланған. Ал санитарлық бөлмелер алдағы күндері жөнделеді».
Облыста күрделі жөндеуді қажет ететін 71 мектеп бар. Былтыр жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлініп, 10 мектеп толық күрделі жөнделді. Биыл тағы 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Аталған жұмыс алда жалғасады дейді Білім басқармасының өкілдері.