37 жоба іске асады

Биыл өңірдегі егін алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарға сай жүргізілді. Сонымен қатар суару инфрақұрылымын жаңғыртуға арналған ауқымды жобалар жүзеге асырыла бастады. Бұл туралы сала мамандары Қонаев қаласында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Саладағы инфрақұрылымды қалыпқа келтіріп, техникалық тұрғыдан жаңалаудағы басты мұрат – тіршілік нәрін ысырап қылмай, әр тамшыны кәдеге жарату. Қазір өңірдегі жалпы суармалы жер көлемі 223 мың гектар.  7 мыңнан астам шаруа қожалығымен су жеткізу жөнінде шарт жасалған. Мамандардың судан тапшылық болған жоқ дейді. Алайда осы салада барлық мәселе шешілді деген сөз емес. Өңірдегі ондаған жылдар бұрын салынған  суару жүйелері тозып жатыр. Бүгінде облыста 221 гидротехникалық құрылыс пен ұзындығы 9,4 мың шақырым болатын суару желісі бар. Оның басым бөлігін жаңғырту және жөндеу қажет.

АЯТ СӘБИТОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ 
«...Биыл 12 нысанды салуға шамамен 127 миллиард теңге қарастырылған. Соңғы үш жылда осы бағытқа 18 миллиард теңге бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды. Қалған қаржыны тарту бойынша қазіргі уақытта министрліктермен және банктермен тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр»

Қазір Күрті өзенінде, Қорам және Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналының учаскелерін жаңарту жобалары әзірленуде. Сонымен қатар Бартоғай су қоймасының бөгетін салу жобасы да қолға алынған. Бұдан бөлек, 2026-2031 жылдарға арналған жол картасы аясында бес нысан бойынша жобалау жұмыстары басталды. Қаратұрық ирригациялық массивін жаңғырту жобасы 6,8 мың гектар суармалы жерді қамтиды. Мамандардың айтуынша, жұмыстар суару маусымына кедергі келтірмей жүргізіледі. 

ҚАЙРАТ БИСЕМБАЕВ
«Д.ҚОНАЕВ АТЫНДАҒЫ ҮЛКЕН АЛМАТЫ КАНАЛЫ » ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Биыл біздің министріміздің тікелей тапсырмасына сәйкес осы Алматы үлкен каналының филиалындағы бүкіл нысандарды қайта жаңғырту және күрделі жөндеуден өткізу бойынша арнайы жеке жол картасы дайындалды, оған 37 жоба кірген. Сол жобаның жол картасының аясында тағы да бес жобамыз біздің жобалау-сметалық құжаттама жұмысын бастады. Ол бес жоба Алматы Үлкен Алматы каналының бас сағасы, жаңа Шелек су бөлу торабы, Күрті су қоймасы, Тасқұдан су көтеру бекеті, сонымен қатар Алматы Үлкен каналының 110 шақырымы»

Биыл филиал бойынша 40 379 гектар суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Егіс алқаптарының негізгі бөлігін дәндік жүгері құрайды. Сонымен қатар көпжылдық шөптер, бақтар, көкөніс және басқа дақылдар егілді. Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында 2 889 гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді. Оның ішінде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелері қолданылуда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады. 2027 жылы Күрті су қоймасы бойынша тағы 294 гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: