Инвестициялық форум
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда өткен “Қазақстан-Қытай” инвестициялық форумына қатысты. Форум басталмас бұрын қатысушылар Маңғыстау облысындағы қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 50 миллиард долларға жуықтаған. Ал Қытайдың Қазақстан экономикасына салған инвестициясы 29 миллиард доллардан асты. Қазір елімізде қытайлық капиталдың қатысуымен 9 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Форумда көлік-логистика, өнеркәсіп, энергетика, ауыл шаруашылығы және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобалар талқыланды. Форум қорытындысы бойынша энергетика, өнеркәсіп, қаржы және инфрақұрылым бағыттарында бірқатар келісімге қол қойылды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Жалпы Қазақстан үкіметі Қазақстан мен қытай озық әрі тиімді ынтымақтастақ үлгісін көрсетіп отыр.»
Сондай-ақ, президент форумы аясында телекөпір арқылы Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіп паркі құрылысын бастауға рұқсат берді. Жобаны қытайлық компания жүзеге асырады. Кәсіпорын жылына 500 мың тонна жүгері өңдейді. Кейін өндіріс қуатын 3 миллион тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Жоба нәтижесінде 1,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.