Көріксіз көше
Қаскелең қаласындағы Рысқұлбеков көшесінің тұрғындары жергілікті әкімдік өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерін көтерді. Негізгі мәселе – көшеге асфальт төселмеуі және жарықтандырудың жоқтығы. Тұрғындардың айтуынша, бұл көшеге соңғы елу жылда жол жабындысы төселмеген.
ТІЛШІ
«Рысқұлбеков көшесіндегі инфрақұрылым мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Ауа райы күрт бұзылса тұрғындардың жүріп-тұруы, сондай-ақ жарықтың жоқтығынан балалардың мектептен қайтуы қиындай түседі.»
Тұрғындардың айтуынша, олар жол мәселесін жыл сайын жауапты мамандарға айтып, өтініш білдіріп келеді. Алайда көшеге әлі күнге дейін асфальт төселмеген.
ДАВРУШ КАМАЛОВ
«Көшімізге асфальт сатып алып, төседік. Бірақ уақыт өте келе ол бұрынғы қалпына түсті. Қазір тұрғындардың әрқайсысы шамасына қарай әрекет етіп жүр. Бірі күрекпен жолды тегістейді, бірі құм әкеледі. Бірақ арық та, басқа да инфрақұрылым жоқ.»
ЛӘЙЛІГҮЛ КҮЛИЕВА
ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Коммуналдық қызметтің ақысын уақытылы төлейміз. Салықты да төлеп отырмыз. Бұл жерде де адамдар тұрады ғой. Неге дәл біздің көше жылда ұмыт қалады? Қарттар бар ғой. Неге біз осындай жолмен жүруіміз қажет?»
Жолдың жайы бір бөлек, жарықтың жоқтығы тағы бар. Күн батқан соң көшені қараңғылық басады.
ВАЛЕНТИНА СИНЬКО
ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Осы көшеде тұрып жатқаныма 50 жыл болды. Елу жылдың ішінде бұл көшеге бірде-бір рет жарық шамы орнатылған жоқ. Қыс түссе, күн ерте батады. Балалар бұл жолмен қалай жүреді? Ата-аналары еріп барады. Қазір телефонның жарығы бар ғой, әркім телефонының шамын жағып, аяғының астына қарап жүреді.»
Ал қала әкімдігі инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын айтады. Биыл 30 көшеге асфальт төселген. Ал Рысқұлбеков көшесін жөндеу келесі жылға жоспарланыпты.
РУСТАМ АТШАБАРОВ
ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бұл өте ескі массив. Қала құрылғалы бері келе жатыр. Сондықтан мына жерде тағы 4-5 көшелер бар. Бұл көшенің жағдайын жақсы білеміз. Осыдан он шақты күн бұрын жол бөлімімен бірге аралап шықтық. Келесі жылы жасалатын көшелердің тізіміне енгізіп қойдық. Яғни бүгінгі таңда жобалық-сметалық жұмысы жүргізілетін болады. Келесі жылы бөлінген қаражаттың шеңберінде жасалады.»
Осылайша, екі тарап кездесіп, көше мен жарықтандыру мәселесін келер жылы шешу жөнінде уағдаласты. Енді тұрғындар айтылған уәденің нақты іске асуын күтеді.