Берекелі жәрмеңке
Астанада өткен "Дала дәмі" жәрмеңкесіне Алматы облысының шаруалары 180 тонна азық-түлік апарды. Өңіріміздің тауар өндірушілері берекелі жәрмеңкеден 215 млн. теңге табыс тапты. Жалпы елордалықтарға қандай тауар ұсынылды? Толығырақ тілшіміз тарқатсын. Сауда сөрелеріне Алматы облысынан жөнелтілген 30 тоннаға жуық ет қойылды. Осылайша өңір шаруалары сиыр, жылқы, қой және құс етінің кең ассортиментін ұсынды. Сатып алушылардың сұранысы да әдеттегідей жоғары. Себебі баға нарықтағыдан 15-20 пайызға төмен. Кәсіпкерлерде өз өнімін өткізгеніне дән риза.
ӘЛИЯ КОЖЕСБАЕВА
КӘСІПКЕР
«Өте жақсы қолдау ғой, бізге үлкен мүмкіндік сатуға. Қарапайым халыққа да.»
ДИМАШ СЫДЫҚОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Алматы облысында ауыл шаруашылық тауар өндірушілері өнімнің барлық түрлерін өндіреді. Бұл атап айтқанда ет өнімдері бар, құс еттері бар, сиыр еті, қой еті, одан бөлек жеміс-жидектің барлық түрі бар. Пияз, картоп дегендей көкөністің барлық түрі алынып келінді.»
Ал жеміс пен көкөністің көлемі 90 тонна. Оның 27 тоннасы өңірдің басты брендіне айналған Апорт алмасы. Табиғи таза өнімге сұранысы ерекше болды.
- Алма алдық. Бағасы жақсы, бәрі жақсы
- Біз мына жерге адамдармен араласу үшін келеміз. Өткен аптада да келдік...
- Алматының алмасын алдық, Абайдың етін алдық. Өткен аптада Қызылорда облысы болды, күрішін алдық.
Алматы облысы үшін мұндай жәрмеңкелер – жай ғана әлеуметтік акция емес, өңіраралық байланысты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды іс-шара. Осындай сауда-саттық алаңдары өңір экономикасынан бөлек, ауылдағы ағайынның шағын және орта бизнесінің өркендеуіне септігін тигізетіні де сөзсіз.