Бақбақты ауылының 60 жылдық мерейтойы аталып өтті
60 жыл. Бұл – бір ауылдың ғана емес, тұтас бір ұрпақтың ғұмырын түгендер уақыт. Биыл Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылының құрылғанына 60 жыл толды. Өткені өнегелі еңбек жолымен өрілген өңірдің тыныс тіршілігі жайлы тілшімізден тыңдап көрейік. 1966 жылы ауыл құрылған жылдары елдімекеннің іргесін қалап, еңсесін көтерген еңбек адамдары аз болмады. Диқан жер жыртты, механизатор техника тізгіндеді, малшы төрт түлігін түлетті. Ақ күріштің дәнімен, жоңышқаның нәрімен ағайынның ырысы артты. Бақбақтының басты байлығы оның сулы да құнарлы жері ғана емес, ауызбіршілігі жарасқан еңбекқор елі.
ТЫНЫШБАЙ ДОСЫМБЕКОВ - МЕМЛЕКЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
- Димекең дала академигі Ыбырай Жақаевпен бір жиында кездесіп, Алматы облысының қай жеріне күріш ексек болады деп сұрайды. Сол кезде суы да күннің жылуы да жеткілікті екен осында ексе болады, жері де Қызылорданың жеріне келеді деп қортынды сөз айтқан екен. Кейін соның бәрін жинақтап 1966 жылы осы арда ең бірінші Ақдала алқабы игеріліп, осы Күріш савхоздарының қарлығашы осы бақбақты пайда болған.
ЕРМЕК ӨНЕРБЕКОВ - БАҚБАҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ
- Біздің ауылда тоғыз жүз сексен түтін бар. Этностар да көп. Ауылшаруашылықпен айналысамыз. Мал ұстаймыз, күріш совхозы болғаннан кейін күріш егеді. Жер алқаптары бар. Бүкіл Алматы облысына шөппен қамтамасыз етеміз. Күрішіміз экспортқа да кетеді.
Торқалы тойға тобықтай сый демекші аудан азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Тынышбай Досымбековтың өңір шежіресін шерткен «Бақбақты тарих толқынында» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Бүгінде ауыл келбеті күн санап жаңарып-жанданып, ел әлеуеті көтеріліп келеді. Мұнда әлеуметтік нысандар жарыса бой көтеріп, көшелерге де абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
ЕРМЕК ӨНЕРБЕКОВ - БАҚБАҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ
- Біздің ауылға көп көңіл аударып жатыр. Биыл мектептің капреремонты басталды. Биыл көктем айында еще спорт кешенін салып берді инвесторлар. Осы ауылдың түлектері, осы ауылдан шыққан, акиматымызды жаңалап берді осы алпыс жылдыққа орай. Сосын бір көшені, тағы инвесторлар бір көшені жаңалап берді.
Бақ дарыған Бақбақтының 60 жылдық мерейтойы өткенді еске алумен ғана шектелмейді. Қайта жарқын болашаққа кемел жоспар жасалып, елді мекен өркендеуінің бағыт бағдары айқындалады. Мерейтой аясында ауқымды ауылшаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, спорттық сайыстардың да көрігі қызды. Ұлттық спорт ұлықталып, аламанға ат шапты. Сөйтіп ақылман жасын тойлаған ауыл жұрты қоңыр күздің құшағында мәре сәре болып тарасты.