Мәслихаттағы мәселе

Қонаевта облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Жиынға облыс әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, өңір тұрғындарын толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді тыңдады. Атап айтқанда, ғаламтор кеңістігіндегі діни ақпараттың шынайылығы мен оның жастарға әсері сөз болды. Сондай-ақ елді мекендердегі қаңғыбас жануарлар мәселесі де назардан тыс қалмады. Интернеттегі діни ақпараттың бәрі бірдей шындыққа жанаспайды. Әсіресе, әлеуметтік желідегі күмәнді діни контентке жастар жиі тап болады. Осыған байланысты облыста ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілді. Мамандар тұрғындармен кездесіп, діни сауаттылықты арттыруға және жалған діни түсініктерден сақтануға бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді. Жыл басынан бері өңірде 700-ге жуық кездесу мен іс-шара өтіп, оған 37 мыңнан астам адам қатысқан.

Қаңғыбас иттердің көбеюі – өңірдегі өзекті мәселелердің біріне айналды. Олардың тұрғындарға шабуыл жасау қаупі, әсіресе балалардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық бар. Заңнамадағы өзгерістерден кейін қаңғыбас жануарларды аулау және уақытша ұстау жұмысы жергілікті атқарушы органдардың міндетіне жүктелді. Алайда мәселенің ауқымы әлі де үлкен. Былтыр облыс аумағында 21 мыңға жуық ит пен мысық ауланса, биыл жыл басынан бері бұл көрсеткіш 14 мыңға жуықтаған.

Сессия барысында жол мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Соңғы төрт жылда облыста 3 мың шақырымға жуық жол салынып, жөндеуден өтті. Биыл тағы 1 мың шақырым жолды қамту жоспарланған. Ал қаңғыбас жануарлар мәселесінің шешімі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Ендігі міндет – қажетті қаржыны тауып, жұмысты жергілікті жерде жүйелі түрде ұйымдастыру.

Сондай-ақ оқыңыз: