Жаңа зауыт ашылды

Іле ауданы Боралдай ауылында алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа зауыт ашылды. Салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов, Дания Корольдігінің Сыртқы істер министрі, ҚР Сыртқы істер вице-министрі мен компания өкілдері қатысты. Ірі инвестициялық жоба аясында салынған өндірістік нысанның қуаттылығы қандай болмақ?

ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН
ТІЛШІ
«Құны 344 миллион доллар болатын жаңа сусындар өндіретін зауыттың  толық қуаты жылына 1 миллиард литрге дейін өнім өндіруге қауқарлы. Негізгі өнім  Қазақстан мен Қырғызстан нарығына арналып шығарылады. Ал жаңа өндіріс 230-дан астам адамды жұмыспен қамтып, отандық өнім өндірушілерге де жаңа мүмкіндіктер ашпақ.»

Зауыт 17 гектар аумақта салынған. Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов "Жергілікті өндірісті дамытудың маңызын атап, инвестициялық жобалар өңір экономикасын арттыратын елеулі қадам",- деді.  

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ 
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту», – деп алдымызға нақты міндеттер қойған болатын. Экономиканың өркендеуі ең алдымен елдің әр өңіріндегі жүзеге асып жатқан нақты жобалардан көрінеді. Бұл өңір экономикасын әртараптандыруға, инвестициялық белсенділікті арттыруға және бәсекеге қабілетті өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді.»

«Carlsberg Kazakhstan» компаниясы өндіріске қажетті арпа мен бидайды, сондай ақ алюминий және шыны бөтелкелерін, картон қағазы сияқты өнімнің 71%-ын қазақстандық өндірушілерден сатып алады. Бұл ішкі нарық үшін айтарлықтай пайда әкелуде. Жобаны жүзеге асырудың бірінші кезеңінде әртүрлі дәмдегі сусындарды шығару мен қаптауды қамтамасыз ететін бес өндірістік желі жұмыс істейді. 

ЛАРС ЛЁККЕ
ДАНИЯ КОРОЛЬДІГІНІҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ
«Бұл жоба Қазақстан мен Дания арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың нығайып келе жатқанын көрсетеді. Carlsberg компаниясы Қазақстанда отыз жылға жуық уақыт жұмыс істейді. Қазір компанияның Қазақстанда 1 600-ден астам қызметкері бар»

Кәсіпорында заманауи технологиялар қолданылады. Әсіресе су ресурстарын үнемдеу, жарық пен жылуды тиімді пайдалануға ерекше мән берілген.

Сондай-ақ оқыңыз: