Сарқылмас саяхат

Алты ай бойы әлемді ретро көлігімен кезген жиһангез Қазақстанға тұрақтады. Джингерс Райлидің мақсаты – Орталық Азияны өз көзімен көру. Сапарын Жаңа Зеландиядан бастаған саяхатшы 12 мың шақырымды артқа тастаған. «Европада Орта Азия жайлы түрлі пікір» - бар дейді Джингерс Райли. Саяхатшының мақсаты–  Азия төрінде тіршілік етіп жатқан халықтың тұрмысын өз көзімен көріп,  салт-дәстүр, мәдениетімен танысу. Жиһангер алты айда 22 ел үстінен ретро көлігімен өткен. 


ДЖИНГЕРС РАЙЛИ
САЯХАТШЫ 
«Менің Қазақстан жайлы пікірім мүлде басқаша еді. Өте кішкентай деп ойлайтынмын. Алайда маған Қазақстанның ұлан-ғайыр даласы мен халқы өте ұнады. Неге десеңіз, адамдары өте жылы жүзді, қонақжай екен. Ал ретро көлікпен шыққан себебім, тәуекел еткім келді. Ұшақпен саяхаттаған бөлек, ал көлікпен жүрген мүлде бөлек. Сені күтпеген түрлі оқиға күтеді. Жаңа адамдармен танысып, көкжиегіңді кеңейтесің.»

Джингерс Райли сапарға 1930 жылы шыққан төрт цилиндрлі Ford автокөлігімен шықты. Саяхатқа шығар алдында Англияда көлігін екі ай бойы жөндеп, дайындаған. Англиядан Ла-Манш арқылы Францияға өтіп, Парижге жеткен. Одан кейін Еуропаның бірнеше елін аралаған. Кейін Грузиядан Әзірбайжанға өтіп, Каспий теңізі арқылы пароммен Қазақстанға келген. Көлік сыртында аралаған елдері жазылып тұр. Жолда көлігі бұзылып, Алматы облысындағы ретро-клуб өкілдерімен байланысқа шығыпты.  

ЭМИЛЬ АБДУЛАХАНОВ
КОЛЛЕКЦИОНЕР
«Біздің ретро-клубта ескі көліктермен айналысатын әуесқойлар жиналған. Бұл менің де, басқа жігіттердің де хоббиі. Жалпы, ретро көлік клубтары бір-бірімен үнемі байланыста. Клубқа қоңырау шалған азамат Бішкектен келе жатқанын айтып, жолын жалғастыру үшін көлігін қарап, жөндеуге көмектесетін адам бар ма деп сұрады. Бішкекке жақын болғандықтан, бірінші болып қарсы алуға шықтым.»

Джингерс Райли Жаңа Зеландияда «Винтажды көлік» клубының мүшесі. Оның айтуынша, бұл сапар коммерциялық мақсатта жасалған жоқ. Керісінше қарттық шағында құлақ естіп, көз көрмеген елді көргісі келген. Жолаушының алдағы бағыты - Қытай, Лаос, Камбоджа және Тайланд. 

Сондай-ақ оқыңыз: