Тәртіп пен тәрбие
Алматы облысында тоғыз мыңға жуық бала тәуекел тобында тұр. Яғни, бұл – мамандардың ерекше назарын талап ететін, психологиялық қолдау мен жүйелі жұмыс жасау қажет оқушылар. Осындай балалармен тиімді жұмыс жүргізудің жолдары Қарасай ауданы, Долан ауылында өткен практикалық форумда талқыланды. Сала мамандары тәжірибелерін ортаға салып, нақты кейстерді талдады. Жыл басынан бері Қарасай ауданында кәмелетке толмағандар арасында 44 қылмыстық іс тіркелген. «Сәтсіз отбасы» санатымен 24 ата-ана есепке алынған. Тәуекел тобына психологиялық қысым көрген түрлі санаттағы бала жатады. «Білім беру ұйымдарында ата-ана мен мұғалім арасында бірлесе атқарылған жұмыс нәтижесіз қалмайды» - дейді мамандар.
МАДИЯР ШАРАПОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Жалпы ведомствоаралық жұмыстарды ұйымдастыру бойынша қазір бізде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көптеген атқарушы органдармен, білім беру мекемелері арқылы, жергілікті атқарушы органдармен осындай үйлескен жұмыс арқасында бізде қазіргі күні балалар көптеген қолдау көріп жатыр. Оның ішінде әлеуметтік болсын, психологиялық тұрғыдан және де құқықтық сүйемелдеу бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Тәуекел тобындағы балалар саны күннен күнге азайып келе жатыр десек те болады.»
Бала құқын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ювеналдық полиция қызметкерлері, педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтар жұмыла еңбек етуде.
БАҒЛАН ҚАНАТҚЫЗЫ
ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ
«Балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында спорттық, мәдени үйірмелер, дебат клубтары және мектеп парламенттері жұмыс істейді. Бұл жұмыстармен 47 оқушы қамтылған. Психологиялық бағытта 62 мектепте мобильді қолдау топтары жұмыс істейді. Сонымен қатар "Жанұя" платформасы арқылы балалардың психологяилық жағдайы зерделеніп, қажет болған жағдайда тиісті көмек көрсетіледі.»
Мамандардың айтуынша, тәуекел тобына көбіне ата-анасымен қарым-қатынасы күрделі балалар кіреді. Олармен педогог қанша жұмыс жасағанымен ата-ана назарын талап етіп тұрады.
МАДИЯР ШАРАПОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР ҚҰҚЫН ҚОРҒАУ БАСҚАРМАСЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ
«Бала көп жағдайда ата-ананың назарына мұқтаж. Былай айтқанда қазір жұмыс бастылығымыз бар. Уақытымызды балаға бөле алмай жатырмыз. Сондықтан да кейбір жағдайларда, кейстерді зерделеу барысында ата-ананың назарының жетіспеушілігі көрінеді.»
Білім беру ұйымында бала қауіпсіздігіне жауапты тек педагог емес. Қажет жағдайда әртүрлі сала мамандарына жүгінуге тура келеді. Жиында полиция өкілдері мұғалімдермен бірлесіп жұмыс істеу әрекетін пысықтады.