Су тарифі
1-ші қазаннан бастап еліміздің бірқатар өңірінде ауызсу тарифі өзгерді. Ал Алматы облысында су құны жыл басынан бері бірнеше рет қайта қаралған. Қонаев қаласында тұрғындар бір текше метр ауыз су үшін 78 теңге 97 тиын төлейді. Ал пайдаланылған суды кәріз жүйесі арқылы әкетуге 68 теңге 41 тиын төленеді. Бұл тарифтер биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап қолданыста және жыл соңына дейін өзгермейді. Ал келесі жылдан бастап тариф өсуі мүмкін. «Қонаев Су Арнасы» мекемесі тарифті қайта қарау туралы өтінім берген. Дегенмен жаңа бағаның нақты мөлшері әзірге белгісіз. Алматы облысында су тарифі бірыңғай емес. Өйткені әр елді мекендегі су жүйесіне жұмсалатын шығын әртүрлі. Құбыр желілері, сорғы станциялары, электр энергиясы мен жөндеу жұмыстарының құны ескеріледі. Сондықтан өңірдегі 23 табиғи монополия субъектісінің тарифі жеке есептеледі.
ФАРХАТ ӨНДІРІСХАН
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ СУМЕН ЖАБДЫҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
- Облыс бойынша біртұтас тариф жоқ. Әр елді мекенде қызмет көрсетуші табиғи монополия субъектісі үшін бекітілген жеке тариф қолданылады. Жаңа тарифтердің нақты мөлшері әзірге белгісіз. Ол субъектілердің өтінімдері қаралып, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті тиісті шешім қабылдағаннан кейін белгілі болады.
Тарифтің қалыптасуына ең алдымен кәсіпорындардың шығындары әсер етеді. Мамандардың айтуынша, негізгі факторлардың бірі – электр энергиясы бағасының өсуі. Электр қуаты су өндіретін ұңғымалар мен сорғы станцияларын, сондай-ақ су тазарту және кәріз жүйелерін үздіксіз жұмыс істету үшін қажет. Бұдан бөлек, тарифті есептеу кезінде қызметкерлердің жалақысы, жөндеу жұмыстары, қажетті материалдар мен жабдықтарды күтіп ұстау шығындары да ескеріледі.
ЕРКЕБҰЛАН СЕРІКБАЕВ
«ҚОНАЕВ СУ АРНАСЫ» МКК АБОНЕНТТІК БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
- Тарифке енгізілетін қосымша қаражат су құбыры мен кәріз желілерін жөндеуге және жаңғыртуға, сондай-ақ сорғы және технологиялық жабдықтарды ауыстыруға бағытталуы мүмкін.