Алматыда «Әділет» партиясы «Ұстаз айтса» диалог алаңын өткізді
Алматыда Ұстаздар күніне орай «Әділет» партиясының Алатау аудандық филиалы «Ұстаз айтса» диалог алаңын өткізді. Педагогтер, білім саласының өкілдері мен мәслихат депутаттары қазіргі мұғалімнің қоғамдағы рөлін, білім беру саласындағы өзекті мәселелерді және жүйені жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды талқылады.
Кездесу Давос форматында өтіп, ашық кәсіби пікір алмасуға негізделді. Қатысушылар «Неге мен мұғаліммін?», «Мұғалімнің әр күні қалай өтеді?», «Жақсы оқытуға не көмектеседі, не кедергі?», «Егер бір ғана нәрсені өзгерту мүмкін болса» және «Ұстаз және мемлекет» атты бес негізгі бағыт бойынша ой бөлісті. Диалог барысында педагог мәртебесі, мұғалімнің күнделікті еңбек жағдайы, білім сапасы, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеу мен құндылықтарды қалыптастырудағы ұстаздың рөліне ерекше назар аударылды.

Іс-шараға Алматы қаласы мәслихатының депутаттары Гүлжан Бекенова, Тау Нұрымбек және «Әділет» партиясы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқын Алдамбергенова қатысты.
«Ұстаз - баланың білім алуына ғана емес, оның тұлға болып қалыптасуына тікелей ықпал ететін маман. Сондықтан педагогтердің пікірін тыңдап, күнделікті тәжірибеде кездесетін мәселелерді ашық талқылау өте маңызды. Білім сапасын арттыру үшін ұстазға кәсіби тұрғыда дамуға, өз тәжірибесімен бөлісуге және бастамаларын жүзеге асыруға қолайлы жағдай жасауымыз қажет», - деді Алматы қаласы мәслихатының депутаты Гүлжан Бекенова.
Кездесу барысында ұстаздар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, білім беру саласын одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар мұғалім еңбегіне деген қоғамдық құрметті арттыру және педагогтердің сапалы білім мен тәрбие беруіне қажетті жағдайларды жақсарту мәселелері талқыланды.

«Ұстаздардың күнделікті тәжірибесінен туындайтын ұсыныстарды тікелей тыңдау - білім беру саласындағы нақты мәселелерді анықтаудың маңызды тетігі. Бүгінгі диалог алаңы педагогтерге өз ойларын ашық айтып, тәжірибелерімен бөлісуге мүмкіндік берді. Мұндай кездесулер ұстаз бен қоғам арасындағы байланысты нығайтып, көтерілген мәселелерді жүйелеуге жол ашады», - деді «Әділет» партиясы Алатау аудандық филиалының төрағасы Жарқын Алдамбергенова.
«Ұстаз айтса» диалог алаңы педагогикалық қауымдастықпен ашық пікір алмасуға бағытталған республикалық бастама аясында ұйымдастырылды. Кездесулер барысында айтылған ұсыныстарды жинақтап, жүйелеу және алдағы жұмыс барысында қарастыру көзделген.
Іс-шара соңында білім беру саласының белсенді қызметкерлері мен ұстаздар білім саласының дамуына қосқан үлесі мен кәсіби еңбегі үшін марапатталды.