Табысты туризм

Алматы облысында туризм біртіндеп өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналып келеді. Биыл жылдың алғашқы сегіз айында саяхатшылардың есебінен жергілікті бюджетке 3,9 миллиард теңге түскен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 39 пайызға артық. Өңірде туристер саны ғана емес, оларға көрсетілетін қызмет көлемі де өсіп отыр.

Табиғаты көркем Алматы облысы туристер үшін тартымды бағытқа айналған. Биылғы қаңтар-маусым айларында өңірдегі қонақүйлер мен демалыс орындары 263 мыңнан астам адамды қабылдаған. Туристердің өңірде жұмсаған қаражаты да айтарлықтай көбейген. Алты айдың қорытындысы бойынша көрсетілген қызмет көлемі 8 миллиард 340 миллион теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 6 миллиард 390 миллион теңге болған. Яғни бір жыл ішінде туризм нысандары көрсеткен қызмет көлемі 30 пайыздан астам өскен. Бұл тек қонақүй бизнесінің емес, тамақтану орындары, көлік қызметі, экскурсиялық бағыттар мен сауда саласының да жанданып келе жатқанын көрсетеді.

ҚУАНЫШБЕК МЕЙРАМБЕКҰЛЫ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- Салық көлемі бізде көбейді осы жылы, бірақ алдымыздағы жылдарға бізге жоспарымыз үлкен. Ол ең бастысы инфрақұрылымдық даму жоспары болып табылады. Осы жылы біз деген төрт обьектіде инфрақұрылымдық жұмыстарын қазіргі таңда жалғастырып, 11- айда осы жылдың бітіру жоспарымыз да бар. 

Сұраныс артқан сайын туристерді қабылдайтын орындар да көбейіп келеді. Былтыр облыста саяхатшыларға қызмет көрсететін 285 нысан болса, биыл олардың саны 308-ге жеткен. Шетелдік қонақтардың қызығушылығы да жоғары. «eQonaq» жүйесінің дерегіне сәйкес, жыл басынан бері Алматы облысына 113 659 шетелдік турист келген. Бұл көрсеткіш өңірді республика бойынша үшінші орынға шығарған. 

ҚУАНЫШБЕК МЕЙРАМБЕКҰЛЫ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- Жаңа бағыттарды ашу бойынша осы жылдың біз 9-шы айында және 8-ші айында Қытай Халық Республикасынан жаяу жүргізуші жолдарымен келетін, біздің Құлжаттан кіретін және де Харгостан бұрылу жолымен келетін Жетісу облысына туристер бойынша үлкен жиындар өткіздік осы Алматы облысында, Алматы қаласында.  Соның арқасында қазіргі таңда жаңа туристерге танымал жобаларды ұсынатын боламыз. Ол Қытай Халық Республикасы мен өзіміздің Қазақстанның азаматтарына келесі жылдан бастап жаңа жерлерді көрсетеміз. 

АРУЖАН МҰРАТҚЫЗЫ
ТІЛШІ
- Туристік ағынның негізгі бөлігі Іле-Алатау, Көлсай көлдері және Шарын ұлттық парктеріне тиесілі. Бұл бағыттар ішкі туризммен қатар шетелдік саяхатшылар арасында да танымал болып отыр. Сегіз айда осы үш ұлттық паркке 1 миллион 925 мыңға жуық адам барған. Қонақтарымыздың тағы бір көп баратын орны Қонаев қаласындағы Қапшағай жағалауы. Биыл мұнда 2 миллионға жуық демалушы келген.

Сондай-ақ оқыңыз: