Ұстаздар марапатталды
Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның өмірлік бағытын айқындайтын тұлға. Ұстаздар күніне орай Ұйғыр ауданында «Ұстаздарға тағзым» атты мерекелік шара өтті. Жиында білім саласында еңбек етіп жүрген мамандармен қатар, саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарға да ерекше құрмет көрсетілді.
Салтанатты шара «Ұстаз жолы – ұрпақ жолы» атты сахналық қойылыммен басталды. Қойылымда бүгінгі қоғамдағы ұстаз еңбегінің жауапкершілігі, бала тәрбиесіндегі мектеп пен отбасының байланысы және шәкірт жүрегіне жол табудың маңызы көрініс тапты. Сонымен қатар мерекелік бағдарламада ұстаздарға арналған әндер шырқалып, би композициялары ұсынылды.
ЭЛМИРА НӘСІЛБЕКҚЫЗЫ - АУДАНДЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
“Бүгін аудандық бөлім бөлімінің ұйымдастыруымен ауданымызда ұстаздарды мерекелерімен құттықтау үшін арнайы шара өткізілді. шараға 31 мектеп директоры, 39 балабақша меңгерушілері және 70 ардагер ұстаздарымыз шақырылды. Ардагер ұстаздарымызды аудан әкімі арнайы шақырып, құттықтап, жылы лебіздерін айтып, марапаттарын берді. Сонымен қоса үлкен шарада жалпы ауданымыздағы педагогтарымыздың республика көлемінде, облыс көлемінде және әрбір халықаралық деңгейде тәжірибе таратып жүрген педагогтарымызды арнайы медальдармен және алғыс хаттармен марапаттады.”
Мерекелік жиын барысында аудан әкімі Талғат Ескендірұлы Байеділов ардагер ұстаздарға құрмет көрсетіп, олардың ел болашағына сіңірген еңбегін атап өтті. Ұстаздық жолда талай жыл тер төккен аға буын өкілдеріне арнайы марапаттар табысталды. Сонымен қатар кәсіби біліктілігімен ерекшеленіп, өз тәжірибесін республикалық, облыстық және халықаралық деңгейде таратып жүрген педагогтер де марапат төрінен көрінді.
РАЯ САРТОЛОВА - АРДАГЕР ҰСТАЗ
“Мен бүгін өте қуаныштымын, себебі аудан әкімі Талғат Ескендірұлы біздің аудандағы кезінде білім берген ардагер ұстаздардың басын біріктіріп, оларды мерекелерімен құттықтады. Мен қуаныштымын, өзім мұғалім болғаныма ерекше бүгін шаттанып тұрмын. Мұғалім болғаныма ешқашан өкінбеймін. Бүгінгі жасаған іс шараға, аудан әкімшілігіне, аудандық білім бөлңмінің барлық қыщметкерлеріне шын жүрегіммен әже ретінде рахмет айтамын.”
Ұстазға көрсетілген құрмет – оның шәкірт тәрбиесіне қосқан еңбегіне берілген баға. Бүгінгі басқосу аға буынның өнегесін ұлықтап, қазіргі педагогтердің кәсіби жетістігін дәріптеген тағылымды шараға айналды. Мерекелік кеш ұстаз мәртебесінің қашанда биік екенін тағы бір мәрте айқындады.