Алматыда «Әділет» партиясы электоралдық науқан кезінде түскен тұрғындар өтініштері бойынша жұмысты жалғастыруда
Алматыда «Әділет» партиясы электоралдық науқан кезінде түскен тұрғындар өтініштері бойынша жұмысты жалғастыруда. Қаланың бірнеше ауданында абаттандыру, коммуналдық инфрақұрылым және жол қауіпсіздігіне қатысты мәселелер қаралуда.
Айгерім-2 ықшамауданы, Молдағұлова көшесінің тұрғыны Рабия Тутадзе ағаштардың шамадан тыс өскен және сынған бұтақтары тұрғындар мен жаяу жүргіншілерге қауіп төндіруі мүмкін екенін айтып, санитарлық кесу жұмыстарын жүргізуге ықпал етуді сұраған. Өтініш бойынша партия белсендісі Ерлан Биіков пен партия филиалының консультанты оқиға орнына барып, тұрғындармен кездесті. Алатау ауданы әкімі аппараты және эколог М. Асқарұлымен бірлескен жұмыстың нәтижесінде «СМТ и Компания» компаниясы қауіп төндірген ағаштарға санитарлық кесу жұмыстарын жүргізді.

Жетісу ауданы, Құлагер шағынауданы, Омаров көшесі, 85-үй тұрғындары қосымша қоқыс контейнерлерін орнату мәселесін көтерді. Партия өкілдерінің тұрғындармен кездесуінде үй кіреберістерінің біріне орындық орнату туралы да ұсыныс айтылды. Нысандарды орналастыру орны мен қажеттілігіне қатысты тұрғындардың пікірлері әртүрлі болғандықтан, ортақ шешім қабылдау үшін тұрғындар мен МИБ/ПИК төрағаларының қатысуымен қосымша кездесу өткізу жоспарланды.
Алатау ауданы, Көкқайнар ықшамауданындағы тұрғын үй тұрғындары жертөледегі кәріз құбырының жарылуына байланысты көмек сұраған. Ақау салдарынан жертөлені су басып, тұрғындарға қолайсыздық туындаған. МИБ төрағасымен бірлесіп жүргізілген жұмыстар нәтижесінде кәріз жүйесіндегі ақаулар жөнделіп, жүйе толық қалпына келтірілді.
Медеу ауданында Қабанбай батыр мен Ш. Уәлиханов көшелерінің қиылысында, №158 мектеп маңына реттелетін жаяу жүргіншілер бағдаршамын орнату мәселесі көтерілді. Бұл учаскеден күн сайын оқушылар, ата-аналар мен аудан тұрғындары жолды кесіп өтеді. Өтініш жұмысқа қабылданып, бағдаршам орнату мәселесі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп пысықталатын болады.

«Электоралдық науқан кезінде тұрғындар қаланың әр ауданындағы күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелерді көтерді. Бұл - абаттандыру, коммуналдық инфрақұрылым және жол қауіпсіздігіне қатысты өтініштер. Әр мәселені жергілікті жерде зерделеп, жауапты мекемелермен бірлесіп шешу жолдарын пысықтап жатырмыз. Шешімін тапқан мәселелер бойынша нәтиже бар, ал қосымша жұмысты қажет ететін өтініштер бақылауда қалады», - деді «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Ұлан Мырзабеков.
Тұрғындардан түскен өтініштер бойынша жұмыс кезең-кезеңімен жүргізілуде. Көтерілген мәселелерді шешу бағытындағы жұмыстар жауапты мекемелермен және тұрғындармен бірлесіп жалғасады.