Үздік әдіскер анықталды
Баланың балабақшадағы алғашқы қадамы мен мектепке дайындығы – әдіскер еңбегі. Алматы облысында осы салада үздік нәтиже көрсетіп жүрген мамандар анықталды. Өңірлік байқауға қатысқандар өздерінің тиімді әдіс-тәсілдерін таныстырды. Биыл байқау әдеттегіден өзгеше. Дәлірек айтсақ мамандардың жасанды интеллектіні тиімді пайдалану әдістері мен «Адал азамат» жобасы арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуде атқарып жатқан жұмыстарына ерекше назар аударылды. Үздіктер екі кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде өздері қызмет ететін балабақшаның жылдық жұмыс жоспарын таныстырса, екінші кезеңде озық әдіс-тәсілдерінің нәтижесі мен кәсіби жетістіктерін ұсынды.
ӘСЕМ ИСАБАЕВА
ЖАМБЫЛ АУДАНЫ, «АЙГӨЛЕК» БӨБЕКЖАЙ-БАЛАБАҚШАСЫНЫҢ ӘДІСКЕРІ
«Нормативтік құқыққа сүйене отырып, бағытты таңдаймыз. Сол бағыт бойынша бір жыл бойы балабақшада жұмыс жасаймыз. Соның нәтижесін көреміз. Сол тәжірибемді ала келдім. Қазір «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы енгізіліп жатыр ғой. Сол себепті балаларды осы балабақшадан бастап экологияны зерттеуге, қорғауға бағыттау бойынша жұмысымды алып келдім».
Қазылар алқасы әр маманның жұмысын бағалауда оның мектепке дейінгі білім берудің жаңа талаптарына қаншалықты сай келетініне ерекше мән берді. Әдіскерлердің заманауи технологияны тәжірибеде тиімді қолдануынан бөлек, ата-аналармен өзара байланыс орнату деңгейі де назардан тыс қалмады.
АЙЗАТ ЕРДӘУЛЕТОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҚТЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Биыл біз әдіскерлердің жұмыстағы жаңа тәсілдерді қалай меңгеріп, тәжірибеде қалай қолданып жүргенін көргіміз келді. Біз үшін ең маңыздысы – олардың озық тәжірибесін басқа да мектепке дейінгі ұйымдарда қолдану.»
Өткен жылы республикалық байқауда Талғар ауданының маманы бірінші орын алып, облыстағы білім саласының нәтижелі жұмысын көрсеткен.