Балық өндірісі

Алматы облысында жылына 400 тонна балық өндіретін жаңа кәсіпорын ашылды. Инвестиция құны – 500 млн теңге. Іле ауданы, Мұхаметжан Түймебаев ауылында ашылған шаруашылықта балық өсіріліп ғана қоймай, елімізде бұған дейін өндірілмеген тор қоршау мен оның бөлшектері жасалады. Жаңа іске қосылған шаруашылықта балықтар көлдің ортасында арнайы тор қоршауда өсіріледі. Мамандардың айтуынша әуелі небәрі 200 грамм шабақ суға жіберіліп, 3 айдың көлемінде салмағы 2,5-3 келіге тартатын балыққа айналады. Қазірдің өзінде кәсіпорын 100 тоннадан астам өнім алып үлгерген.

БАҚЫТ АЛДЫБАЕВ
ШАРУАҚОЖАЛЫҚ БАСШЫСЫ
«Мұнда кәсіби мамандардан құралған 15 адам жұмыс істейді. Олар балықтың жағдайын қадағалайды. Балықтарға экологиялық таза жем беріледі. Қазірдің өзінде 100 тоннадан астам өнім алып үлгердік. Ол үшін 12 тор қоршау қолданылды. Келесі жылы балық көлемін 400 тоннаға жеткізіп, қоршауды 30-ға көбейтуді жоспарлап отырмыз.» 

Алматы облысында балық шаруашылығы жыл санап көбейіп жатыр. Қазір өңірде 53 балық өсіру шаруашылығы жұмыс істейді. Жалпы өндірістік қуат жылына 10,9 мың тоннаға жеткен. «Бұл көрсеткішті арттыру жоспарланып, мемлекеттік қолдауға ерекше назар аударылып отыр»,- дейді жауаптылар. 

БАҚЫТНҰР БАҚЫТҰЛЫ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ 
«Аквакультураның дамуына президенттің қойған тапсырмасына сәйкес жылсайын субсидиялау мен жеңілдетілген несие беру қарастырылған. Биылға 1 млрд теңге бөлініп отыр осы балық шаруашылығын дамытуға. Нәтижесінде 2030 жылға дейін Алматы облысында осы 10 мың тоннаны 20 мың тоннаға жеткізу жоспары қойылып отыр.»

Қазір шаруашылыққа қажетті тор қоршау мен оның бөлшектері кәсіпорынның өзінде жасалады. Бұл қажетті аталған құрал-жабдықтарды шығаратын еліміздегі алғашқы өндіріс ошағы. Болашақта цех ашып, өндіріс орнын көбейту жоспарлануда. Сол кезде жұмысшылар саны 45-50 адамға көбейеді.

Сондай-ақ оқыңыз: