Қылмыспен күрес
Алматы облысында тіркелген қылмыстар саны 10 пайызға азайған. Прокуратура өкілдерінің айтуынша, құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары қоғамдық орындарға бейнебақылау камераларын орнатумен шектелмейді. Прокуратура мәліметінше, өңірде тіркелген қылмыстар саны 6 920-дан 6 195-ке дейін азайған. Бұл 725 қылмысқа кем. Құқықбұзушылықтың алдын алу үшін қоғамдық орындар мен қылмыс жиі тіркелетін аумақтардағы бақылау күшейтілуде. Тағы бір маңызды бағыт интернет-алаяқтықпен күрес. Алаяқтыққа қатысы бар телефон нөмірлерін бұғаттауға көмектескен OLX платформасының өкілдеріне прокуратура алғыс білдірген.
АЛМАС ЖАЛҒАСОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Өңірдегі қылмыс деңгейі тұрақты түрде төмендеп келеді. Қазіргі көрсеткіш 10,5 пайыз. Бұл бағытта барлық мүдделі мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істеп жатыр. Прокуратура қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қылмыс жиі жасалатын аумақтардағы жағдайды бақылауға ерекше мән береді. Бұл ретте Бас прокуратура жүзеге асырып жатқан «Айқын нәтиже» жобасының көмегі зор.»
Құқықбұзушылықтың алдын алуда бейнебақылау жүйесі де маңызды рөл атқарады. Былтыр мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында облыста 9 мыңнан астам бейнекамера орнатылған. Олардың көмегімен 940 қылмыс ашылды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есеге жуық көп.
АРНАТ СҮЛЕЙМАНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазіргі уақытта «Сергек» платформасында түрлі жағдайларды анықтайтын бейнеаналитика жүйесі қолданылады. Атап айтқанда, тыйым салынған аймаққа кіру, қараусыз қалған заттарды анықтау және адамның бет-бейнесін тану мүмкіндіктері бар. Бұл жүйелер полиция қызметкерлеріне іздеуде жүрген адамдарды жедел анықтап, қажетті шараларды тиімді қабылдауға көмектеседі.»
«Апорт Ист» сауда орталығында адамның бет-бейнесін тану жүйесі төрт кіреберіске орнатылған. Күзет қызметінің өкілі прокуратурамен екі жыл бойы жүргізілген бірлескен жұмыстың нәтижесінде 186 құқықбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік туғанын айтады.
ЕРЛАН ТАСЫРБАЕВ
«APORT MALL EAST» НЫСАНЫН КҮЗЕТУ БӨЛІМІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Прокуратура өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралардың мақсаты — жасалған қылмысты ашумен ғана шектелмей, құқықбұзушылыққа әкелуі мүмкін себептер мен жағдайларды алдын ала анықтап, олардың жолын кесу. Бұл жұмысқа полиция қызметкерлерімен қатар кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындар да тартылған.»