Донорлық мәселесі

Елімізде 4700-ден астам науқас донорлық ағза кезегінде тұр. Оның ішінде балалар да бар. Олардың 4 200 ден астамына бүйрек трансплантациясы қажет. Қалған пациенттерге бауыр, жүрек немесе өкпе трансплантациясы керек.. Өткен жылы 18 мәйіттік донор тіркеліп, 184 ықтимал донор анықталған. Соның арқасында дәрігерлер 68 науқастың өмірін сақтап қалды. Алайда қайтыс болғаннан кейінгі донорлықтың саны азайып кеткен. Алматыда өткен басқосуда мамандар осындай өзекті мәселелерді талқылады.

Қазір Қазақстанда ағза трансплантациясын күту кезегінде 4700 ден астам науқас тұр. Олардың 126-сы бала. Биылғы 9 айда ағза алмастыру бойынша 208 операция жасалған. Оның 42 сіне қайтыс болған донорлардың ағзасы берілген. Әйтседе, соңғы уақытта мәйіттік донор көрсеткіші төмендеп кетті дейді мамандар.

МЕРУЕРТ МҰҚАНОВА
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ТРАНСПЛАНТАЦИЯ ҮЙЛЕСТІРУШІСІ
«Былтырға қарағанда шамалы белсенділік азайған. Былтыр 5 донор болып, олардан 21 мүше алынған. Биыл потенциалды донор саны көбеюде. 16 потенциалды донор бар. Бірақ бірде бір потенциалды донорды актуализациясы болған жоқ. Басты себеп донордың туыстарының қарсылығы»

Мамандар донорлық мәселесінде медициналық ұйымдастырумен қатар, қоғамның көзқарасы да маңызды екенін айтады. Мәселен Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда 17 мыңнан астам азамат қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген. Алайда олардың бәрі ағза трансплантациясына қатысады деген сөз емес. Өйткені соңғы шешімді отбасы қабылдайды. Өмірден өткен соң донор болуға келіскен адамның туыстары көп жағдайда қарсы болады.

АЙГҮЛ РЫСБЕКОВА
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ «ҚАЛАЛЫҚ КАРДИОЛОГИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» МЕДИЦИНАЛЫҚ БӨЛІМІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Бұл мәселеде этикалық және діни тұрғыдан қарастыратын жайттар көп. Қоғамымыз мұндай шешімге толық дайын болмауы мүмкін. Сондықтан біз осындай дөңгелек үстелдер өткізіп, халыққа ақпарат беруге тырысамыз. Бір донордың көптеген адамның өмірін сақтап қала алатынын түсіндіру маңызды.» 

Бір ғана мәйіттік донор бірнеше адамның өмірін сақтап, тағдырына әсер ете алады. Елдегі трансплантацияны күту кезегінде тұрған мыңдаған науқас үшін бұл өте маңызды. Статистикаға сүйенсек,  2024 жылы мұндай 23 операция жасалса, 2025 жылы олардың саны 68-ге жеткен. Ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 42 операция жүргізілді. 

Сондай-ақ оқыңыз: