Білім көкжиегі
Шетелде білім алуға мүмкіндік мол. Осы мақсатта Қонаев қаласында ағылшын тілін меңгеріп, халықаралық емтиханға дайындалуға болады. Осы бағытта қала әкімдігі мен «The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қоры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында ағылшын тілін оқыту және IELTS емтиханына дайындық бағдарламаларын дамыту көзделіп отыр. Бұл бастама жоғары сынып оқушыларына шетелдік университеттердің талаптарына алдын ала дайындалып, оқуға түсу мүмкіндігін арттыруға жол ашады.
ЭММА ШАМ
ИТАЛИЯДАҒЫ ДЖОН КЭБОТ АМЕРИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ӨКІЛІ
«Жыл өткен сайын шетелде білім алуды таңдайтын студенттер саны артуда. Біздің университет Италияда орналасқанымен, америкалық үлгідегі диплом береді. Бұл қазақстандық жастарға туған елінен алысқа ұзамай-ақ, Еуропада білім алуға мүмкіндік береді.»
Ал болашақ талапкерлерге шетелдік жоғары оқу орындарында білім алудың қандай мүмкіндіктері бар екенін «Global Exchange – 2026» көрмесінде таныстырды. Қаланың орталық алаңында өткен шараға тоғыз елден 18 университеттің өкілдері жиналды. Олардың қатарында АҚШ, Канада, Оңтүстік Корея, Франция, Қытай, Австралия және Италияның жоғары оқу орындары бар. Көрмеге 9, 10 және 11-сынып оқушылары ата-аналарымен бірге келіп, шетелдік білім беру бағдарламалары туралы мәлімет алды.
МАРИНА ХАН
«ҰЛЫТАУ» БІЛІМ БЕРУ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Халықаралық білім беру саласындағы ұзақ жылғы тәжірибеміздің арқасында университеттерді осында шақыра алдық. Себебі дарынды студенттер барлық жерде бар. Бүгінгі кездесу жастар грант алуға, дұрыс оқу орнын таңдап, білім жолын бастауға мол ақпарат береді деп сенеміз. Қонаев қаласының барлық студентіне сәтті білім сапарын тілеймін!»
Көрме аясында білімге құштар, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар да марапатталды. Он оқушыға диплом табысталды. Ал ең жоғары нәтиже көрсеткен оқушыға IQ Foundation UK халықаралық бағдарламасы аясында құны төрт миллион теңге болатын екі жылдық білім гранты берілді.