Президент Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады. Кездесу барысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері, сондай-ақ Алматы агломерациясын дамыту жоспары ұсынылды.

Ақпарат Aqorda.kz ресми сайтында жарияланды.

Әкімнің мәліметінше, соңғы үш жылда облыстың жалпы өңірлік өнімі 1,8 есеге артып, 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге жеткен. 2025 жылғы қаңтар–қазан айларындағы қысқа мерзімді экономикалық индикатор 109,7 пайызды құрап отыр.

Облыста халықаралық компаниялардың қатысуымен азық-түлік өнеркәсібі, логистика және металлургия салаларында жалпы құны 470 млрд теңгеден асатын 13 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ биылғы тоғыз айда өңдеу өнеркәсібінің экспорт көлемі 28,5 пайызға өсіп, 618,5 млн долларға жеткен. Экспорттың 90 пайызы жоғары деңгейде қайта өңделген өнімнен тұрады.

Ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер бар. Алматы облысы мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдаланатын көшбасшы өңірлердің бірі саналады: әрбір 1 теңге субсидияға 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өнімі өндіріледі. Тауарлы сүт фермаларының саны 11-ге дейін артқан.

Әлеуметтік даму бойынша да айтарлықтай өзгерістер байқалады. Биыл он ай ішінде өңірде 950 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй құрылысы аяқталған. Үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды.

Сонымен қатар Қапшағай су қоймасы мен ұлттық табиғи парктер маңындағы туристік кластерді дамыту жалғасып жатыр. Облысқа келген туристер саны 2,2 млн адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 36 пайызға артқан.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін нығайту, логистика мен туризмді дамыту және халықты толғандыратын мәселелерді кешенді шешу бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.