Bösendorfer рояльдері алғаш рет Қазақстанда таныстырылды

Bösendorfer рояльдері алғаш рет Қазақстанда таныстырылды

Қазақстанда алғаш рет әлемге әйгілі Bösendorfer брендінің рояльдері ресми түрде таныстырылды. Таныстырылым Астана мен Алматы қалаларында өтті. Бұл шара еліміздің музыкалық мәдениеті мен кәсіби білім беру жүйесіне тың серпін берді.

Австриялық рояльдерді елімізге жеткізген — «Райно» ЖШС. Іс-шарада компания өкілдері Ержан Құшанов пен Рахым Тоқсанбаев, сондай-ақ Bösendorfer-дің бас директоры Сабина Грюбмюллер және Австриядан арнайы келген меймандар сөз сөйледі.

Bösendorfer — 1828 жылдан бері қолмен жасалатын, сапалы дыбыспен ерекшеленетін әлемдік деңгейдегі аспап. Рояль жасау үшін Австрияның экологиялық таза аймақтарында өскен шырша мен емен ағаштары пайдаланылады. Әрбір аспап — музыка өнерінің нағыз туындысы.

Шара барысында Bösendorfer 280 Vienna Concert атты 2,8 метрлік флагмандық үлгі таныстырылды. Бұл — Қазақстанда орнатылған ең ұзын концерттік рояль. Алғашқы аспап Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыкалық мектепке қойылды.

– Бұл — тек бастамасы. Жақын арада рояльдерді еліміздің басқа да оқу орындары мен концерт залдарына орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді Рахым Тоқсанбаев.

Таныстырылымға өнер мен мәдениет саласының өкілдері, музыканттар мен ұстаздар қатысты. Кеш шағын форматта өтіп, қонақтарға ерекше әсер қалдырды. Бұл оқиға Қазақстан мен Австрия арасындағы мәдени байланысты нығайтып, отандық музыкалық білім беру саласына жаңа деңгей әкелмек.