Мәдениет үйі ашылды
Ынтымақ пен бірлік мерекесінде Еңбекшіқазақ ауданы, Бөлек ауылында жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілді. Толықтай жөндеуден өткен мәдениет ошағы енді ауыл тұрғындары үшін шығармашылық пен өнердің жаңа орталығына айналмақ.
Жалпы аумағы 2000 шаршы метр болатын ғимаратта 280 орындық көрермен залы мен өнер және спорттық үйірмелердің арнайы бөлмелері қарастырылған. Жаңа нысан ауылдың рухани өмірін жандандырып, өнер мен шығармашылықты дамытады дейді ауыл тұрғындары.
ЕРТАЙ ЕСЖАНОВ
АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ
«Біз жанды дауыста концерт тыңдамағалы қанша жыл болды. Қазір міне ашылып, өнерпаздарымыз домбыра тартып, би билеп жатыр. Өте қуаныштымын. Осы жерде 50 жылдай тұрам бірақ бүгін өте қуанышты күн бүгін болып тұр.»
Бөлек ауылындағы бұл мәдениет пен өнер ордасы 1971 жылы бой көтерген. Жылдар өте ғимараттың әбден тозды. Былтыр күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Оған бюджеттен 547 млн.теңге бөлінген.
ЕСЕНДОС АСУБАЙ
МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
«Мотив базасы толық қалпына келтіріліп, барлық жаңа инструмент жабдықтар бізге берілді. Қазіргі таңда 7 үйірме, 100 шақты оқушы қатысады. Би, домбыра, гитара бойынша сабақ жүргізіліп жатыр. Спорттан бокс, еркін күрес, дзюдо жұмыс істеп тұр.»
ТӨЛЕУЖАН ҒҰМАРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ МӘДЕНИЕТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
«Мәдениет үйі 280 орындық, 15 штат бірлігі. Жаңа аралап қарап шықтық. Материалдық техникалық базаларының жасалғаны өте көңілден шығып жатыр. Үйірме жұмыстары жанданып жүру керек.»
Сонымен қатар, Есік қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы Жастар саябағында бірлік күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Түрлі этнос өкілдерінің әндері шырқалып, билері орындалды.