«Кітап оқитын ұлт» жобасы басталды
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев президенттік қызметінің алғашқы күндерінен бастап зияткер ұлт қалыптастыруға бағытталған реформаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысы білім – еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы екенін үнемі атап өтеді.
Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – қоғамда кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау. Президентіміз Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда орнықтыруымыз керек» – деп ерекше тоқталды.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасын қолдау үшін «AMANAT» партиясы «Кітап-AMANAT» жобасын іске қосты. Жоба аясында отандық баспагерлерді қолдау, жаңа кітаптарды насихаттау және кітапханаларды жаңғырту бойынша үлкен жұмыс жүргізілуде.
Жақында қабылданған Салық кодексінде партия бастамасымен отандық баспагерлер үшін қосымша құн салығы алынып тасталды. Сонымен қатар кітапхана қызметкерлерінің жалақысы көтерілуде.
Биыл «AMANAT» партиясы оқу мәдениетін дамыту үшін жаңа жоба – «Кітап оқитын ұлт» бастамасын жариялады. Оның мақсаты – Қазақстанды әлемдегі ең көп кітап оқитын он мемлекеттің қатарына енгізу.
Жоба алғашқы кезеңде Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында пилоттық режимде жүзеге асады. Мектеп оқушылары, студенттер, педагогтер, отбасылық әулеттер мен мемлекеттік қызметшілер арнайы аталымдар бойынша жарысады.
Қатысушыларға оқуға ұсынылған 15 кітаптың ішінде Абайдың қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы және Әбдіжәміл Нүрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасы бар. Жеңімпаздар қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.
Толығырақ Ерлан Қошановтың Facebook парақшасында