Қасым Жомарт Тоқаев халқымызды Абай күнімен құттықтады
10-шы тамыз ұлы Абайдың туған күні. Айтулы мереке қарсаңында қазақ халқын Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев құттықтады. Өз сөзінде президент Абай ілімі еліміздің – рухани шамшырағы, айнымас темірқазығы екеніне ерекше тоқталды. Ұлты ұлықтаған ұлы тұлға күнін Алматы қаласы мен облыс жұртшылығы қалай атап өтті?
Биыл ұлы ақын, ойшыл, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл. Алматыдағы мереке ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталды. Дәстүрлі іс-шараға зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысып, ақын шығармашылығын еске алды.
ЖАБАЛ ШОЙЫНБЕТ
АБАЙТАНУШЫ
«Абай мұрасының әлі күнге дейін құнды болып тұрғандығы Абай біздің Қорқыт, Әл-Фарабилардан басталған ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп, қайта шығарған адам. Яғни ол тек ақын емес хакім. Хакім дегеніміз бүкіл адамгершіліктің биік шыңында тұратын тұлға. Мына Абай біздің сондай тұлға. Сондықтан бұл Абай тек қазақтың емес, бүкіл адамзаттың Абайына айналып келе жатыр.»
Алматыда Абайдың есімі білім мекемелері мен өнер ордасына, даңғылға берілген. Ал Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне жиналған қауым хакімнің шығармашылығы мен рухани мұрасына тағзым етті.
БЕРІКЖАН АЙТҚҰЛҰЛЫ
АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰПУ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
«Абай өмірлік азық. Абай адамзат баласының бағдаршамы. Қалай жүресің, қалай тұрасың бәрін болжап берген. Қазіргі таза Қазақстан, адалдық, тәртіп бәрін бұл кісі қаламының астында түртіп өткен. Сондықтан қазір ғалым, қауым бәрі жалпы оқымыстылар, жастар қолға алып, осының бәрін дәріптеп, әр жерде айтып жүргеніне қуанамын.»
Абайдың сөзі – уақыт өткен сайын көмескіленбей, керісінше, әр буынмен бірге жаңғыра түсетін рухани мұра. Қонаев қаласында Абай күніне орай тағлымы мол мәдени іс-шаралар өтті. Оған ақындар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет саласының мамандары мен қала тұрғындары қатысып, ұлттың рухани темірқазығына айналған тұлғаның мұрасын тағы ұлықтады. Абай – қазақтың жазба әдебиетінің негізін қалаған ұлы ақын ғана емес, елдің болашағын білім мен ғылымнан, еңбек пен адамгершіліктен іздеген кемеңгер ойшыл.
ЖАҚАН АХАЕВ
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Абай біздің данамыз. Баяғыда Жамбыл Жабаев Москваға барардың алдында бүкіл жазушылар отырып, Жамбыл ата Абай ақын ба деп сұрағанда әй балалар-ай, Абай деген ақындардың төресі, философ-ақын оны пайғамбарымыз деген екен»
Қалалық мәдениет үйінде «Абай аманаты» атты әдеби-саз кешіне ұйымдастырылды. Ақынның өлмес өлеңдері мен қара сөздерінен үзінділер ұсынылып, Абай әндері әуеледі. Көрермен ұлы ойшылдың дүниетанымына тағы бір үңіліп, оның адамзатқа қалдырған асыл мұрасын жаңаша сезінді.
БЕРІК БАИЛОВ
АҚЫН
«Жалпы Абайдың шығармашылығы, Абайдың өмірбаяны тек қана Қазақстанда емес, қазір осы біздің ел ағаларымыздың арқасында, ел азаматтарының арқасында бүкіл әлемге насихатталып жатыр. Абай атамыздың жаңа өмірбаяны, оның шығармалары жер жүзіне тарап жатыр десем артық айтпаған болар едім. Абай атамыздың әндерін де айтып жатыр шетелде, Абай атамыздың қара сөздерін, өлеңдерін де жатқа айтып жатқан басқа шетелдерде бар»
Қонаев қақалық кітапханасында «Абай оқулары» байқауы өтті. Оған 15-тен астам белсенді оқушы қатысып, өзара бақ сынасты. Жеткіншектер Абай мұрасы туралы эссе жазып, ақынның жырларын жатқа айтты. Сайыс қорытындысы бойынша эссе жазудан Інжу Қалдарова бас жүлдені жеңіп алса, өлең оқудан Айкүнім Әлімғазы 1-орынды жеңіп алды. Айкүнім жазғы демалыста мұғалімінің жаңа әдістемесімен Абайдың 150 өлеңін жаттап үлгерген. Талантты оқушы енді хакімнің қара сөздерін меңгеруге кіріскенін айтады.
АЙКҮНІМ ӘЛІМҒАЗЫ
БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ
«Арнайы тактикамен жаттадым. Апайым өзі бір тактикасын ұсынған болатын, сол тактиканы өзім жасай отырып, шамамен бір 3 айда жаттадым.
АЙГҮЛ АҚТАНОВА
ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КІТАПХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Осы жолы көп оқушылардың, қатысушылардың көбісі эссе бағытын таңдаған екен. Ол да өте қуанарлық жағдай. Өйткені Абай атасы туралы өзінің естеліктерін, ойларын, ой-шыңдарын білдірудің өзі жастардың тағы бір шыңдарының ашылуы деп, өте қуанарлық жағдай»
Іле ауданы, Байкент ауылында өткен «Абай ілімі -ұлтың іргесі» атты әдеби кеште ұлы тұлғаның әндері мен қара сөздерінен бөлек көп орындала бермейтін «Тереңдеп қарайсың» туындысы шырқалды. Осылайша ақын шығармашылығы жаңа қырынан көрерменіне жол тартты. Сонымен қатар аймақ тұрғындарына арнайы көшпелі кітап көрмесі қойылды.
ЫСҚАҚ МҮПТІЛДА
БАЙКЕНТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Абай деген қазақ үшін ерекше тұлға ғой. Абайдың қара сөздерін жаттап сайыстарға қатыстық. Абай айтқан 5 дұшпанның ішінде 9 кемшіліктен тұрады екен. 9 кемшілік болмаса кез-келген қазақ мінсіз болып есептеледі екен.»
«Абай күні» 2020 жылы Үкімет қаулысымен елімізде мереке ретінде белгіленген. Содан бері бұл күн бүтін бір елді еңбекке, адалдыққа, адамгершілікке пен рухани дамуға ұйыстырып келеді.