Іле ауданындағы Ақши халық театры көрерменге «Абай» драмасын ұсынды
Өнер – ұлттың рухы, ал Абай – халықтың жүрегі. Ақынның терең пәлсапасы мен тағылымды мұрасын сахна тілімен сөйлеткен Іле ауданындағы Ақши халық театры көрерменге «Абай» драмасын ұсынды. Қойылымда ұлы ақынның өмір жолы, заманы, ел тағдыры мен адам болмысы арқау болды.
«Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма» деп ұлы ойшыл өзі айтқандай «Абай» драмасы ақынның жан арпалысын көрсететін кесек туынды. Мұнда ақын махаббат жолында машақат көрген Айдар мен Ажар сынды шарасыз жастарға қорған болып, ескілікпен күреседі.
Мұқтар Әуезовтың бұл шығармасын сахналаған Ақши халық театры 2019 жылы Семейде өткен халықтық театрлар фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алған. Ал биылғы «Абай» күнінде жұрт назарына қайта ұсыну үшін ұжым екі айдан аса уақыт дайындалған.
ЖАСҰЛАН ТҮСІПБЕКОВ
РЕЖИССЕР
«Бүгінгі спектакільдің қойылуы Абай кезеңіндегі рулық феодалдық теке тірекстер көп болды ғой. Абайды түсінбеді. Қазір көрерменге сол кезде болған оқиғаларды сахынадан көрсету сондай ой болды. Екі айдай дайындық жасадық. Барлық актерлер өзіміздің халық таетрының актерлері»
Ескішілдік пен жаңашылдық арасындағы қиян кескі қайшылық. Қызғаныш пен күншілдіктің құрбаны болған жас тағдыр. Азған сана, тозған ел. Осының бәрін сырттай көріп, іштей күйінген ғұламаның жан арпалысы. Бәрі бәрі осы қойлымның өн бойынан табылады. Ал кірпік қақпай тамашалаған көрермен әрегідік көзіне жас алып, терең толқыныспен шықты.
ҚАРЛЫҒАШ ЫРЫСКЕЛДІҚЫЗЫ
КӨРЕРМЕН
«Абайды көзімізбен тірі көргендей болдық. өнегесін көрдік. Актерлердің рөл сомдауы да шынайы болды. Жүректен жүрекке жетті»
ГҮЛШАР АПТИМОВА
КӨРЕРМЕН
«Ішіне кіріп кеттік, кәдімгідей көңіліміз босап көзімізге де жас келді. Жастар өте сенімді ойнады. Ақши ауылының актерлері көрерменге осындай кеш сыйлағанына өте қуаныштымыз»
Осылайша ғұлама өнегесі сахна төрінде жаңғырып, көрермен көңіліне рухани нұр құйып өтті.