«Адал» компаниясы: ауыл шаруашылығында жаңа технологиялар мен жоғары өнімділік

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызын ерекше атап өтті. Жаңа технологияларды енгізу мен өнім сапасын арттыру – ел дамуы үшін басты міндеттердің бірі. Осы бағытта тың ізденістер жасап келе жатқан компаниялардың қатарында «Адал» кәсіпорны бар.

Компания құрамына сүт зауыты, мал және дала шаруашылығы, механизация бөлімі кіреді. Заманауи әдістерді қолданудың арқасында сиырлардың тәуліктік өнімділігі 30 литрге дейін жеткен. 2024 жылы әр сиырдан орта есеппен 10 842 литр сүт сауылып, кәсіпорын республика бойынша үздік үштіктен көрінді. Алдағы мақсат – бұл көрсеткішті 40 литрге жеткізу.

Сұңғат Тойшыбек, «Адал» АҚ ауыл шаруашылығы жөніндегі директор:
«Сүттің сапасы малдың сапалы азығына байланысты. Біздің азық сапалы болса, сауылатын сүт те сапалы болады. Кейін ол өндіріске жіберіледі».

Мал азығын дайындау үшін 3 мың гектарға жуық суармалы жер игерілген. Оның ішінде жүгері, жоңышқа, бидай мен соя егіледі. Әсіресе «Пионер» және «Декалб» жүгері сорттары жоғары өнімділік көрсетіп отыр – әр гектардан 500 центнерден астам өнім алынуда. Ал жаңа комбайндарға орнатылған зертхана жүгерінің сапасын бірден тексеруге мүмкіндік береді.

Сұңғат Тойшыбек:
«Сапалы мал азығын дайындау үшін жаңа техникалар алынды. Қазір бізде мал азығын жинау жұмыстары жүріп жатыр. Жүгері дақылдарын арнайы комбайнмен шауып, қоймада сақтаймыз».

Президент Жолдауында айтылған басымдықтар ауыл шаруашылығында нақты жүзеге асуда. «Адал» компаниясының тәжірибесі – заманауи технологиялар мен еңбектің арқасында отандық өнім сапасын арттыруға болатынын дәлелдеп отыр.