Президент 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды

Мемлекет басшысы 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бастама аясында еліміздің барлық өңірінде жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салынып, қолданыстағы инфрақұрылым нысандары жөнделмек. Президенттің айтуынша, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарын, шығармашылық үйлерін салуға және тұрғын үй құрылысына да басымдық беріледі. Бұл бастамалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әсіресе өскелең ұрпақтың игілігіне бағытталған, деп хабарлайды Akorda.kz.

«Сондықтан мен келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынамын. Осы жылдың аясында әр облыс орталығында, аудандарда, тіпті елді мекендерде азаматтық инфрақұрылым нысандарын салуға және жөндеуге кірісуіміз керек. Атап айтқанда, жолдар, әуежайлар, вокзалдар, денсаулық сақтау мекемелері, соның ішінде ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған оңалту орталықтарының құрылысын бастау қажет. Сондай-ақ барлық аймақта шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтеруі керек. Әрине, тұрғын үй салу да маңызды міндет болып қала береді. Конституцияда халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттің стратегиялық басымдығы ретінде айқындалды. Осы бастамалардың барлығы ел игілігі, әсіресе өскелең ұрпақтың қамы үшін қолға алынып отырғанын баса айтқым келеді», – деді Президент.

Сондай-ақ оқыңыз: