Қонаев қаласында соңғы жарты жылда 60-тан астам ойын алаңы жөнделді

Қонаев қаласында жайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы алты айда шаһардың түрлі бөліктерінде 60-тан астам балалар ойын алаңы жөндеуден өтті.
Алаңдарға жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылып, шағын сәулет элементтері қалпына келтірілді. Кейбір нысандарда бетон негізі құйылды.
«Биыл “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында тағы 10-нан астам нысанды жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар “Аула аумақтарын абаттандыру” жобасы да жалғасады. 2021 жылдан бері 38 аула абаттандырылып, бүгінде тұрғындардың игілігіне қызмет етіп тұр», – деді Қонаев қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы Тимур Ақмұрзаев.
Қалада көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңарту да қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы Қарлығаш, 12А, 12Б, Гүлдер, Мостоотряд-25, Құрылысшы ықшам аудандарында, сондай-ақ Қонаев пен Абай көшелерінде жаңа шамдар орнатылып, сәндік жарық шамдары ауыстырылады.
Тұрғындарды тұрақты электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қуатты трансформаторлар мен 1000 кВ және одан жоғары кернеулі электр желілері жөнделеді.
Айта кетейік, балалар алаңдарын жөндеу және көше жарығын орнату бойынша өтінімдер 109 Бірыңғай байланыс орталығы арқылы қабылданып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.