Қонаев қаласында пайдаланылмаған жер телімдері анықталды

Қонаев қаласында пайдаланылмай жатқан үлкен көлемдегі жер телімдері анықталды. Бұл туралы қалалық жер қатынастары бөлімі хабарлады. Жұмыстар пайдаланылмаған жерлерді анықтап, оларды мемлекет меншігіне қайтару мақсатында жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мақсатты түрде үш жыл бойы пайдаланылмаған жер телімдері (егер заңда ұзақ мерзім қарастырылмаса) мемлекет меншігіне қайтарылады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жер қатынастары басқармалары жүзеге асырады.
Ресми деректерге сәйкес:
- 2024 жылы Қонаев қаласы бойынша 15,7 мың гектар пайдаланылмаған жер анықталды;
- 2025 жылдың басынан бері – 14,3 мың гектар.
Бұл телімдер ауыл шаруашылығы айналымына тартылмаған, инфрақұрылым немесе өндірістік жобалар үшін де қолданылмаған.
2025 жылдың басынан бері:
- 1 490 гектар жер сот шешімімен мемлекетке қайтарылды;
- оның ішінде 150 гектар жер телімі ерікті түрде тапсырылған.
- Бұдан бөлек, 1 121 гектарға қатысты материалдар Алматы облысының жер ресурстарын басқару департаментіне жіберілді. Бұл жерлерге салық мөлшерлемесін 20 есеге арттыру ұсынылған, себебі мақсатсыз пайдаланылып жатыр.
Жерді тиімді пайдалану – аймақ дамуының негізі
Пайдаланылмай жатқан жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтару келесі бағыттарда тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді:
- ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту;
- жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру;
- инфрақұрылым салу;
- жайылым жерлердің тапшылығын шешу.
Қала әкімдігі жер пайдаланушыларға берілген жер телімдерін тиімді пайдалану қажеттігін ескертеді. Талаптар орындалмаған жағдайда қолданыстағы заң аясында шаралар қабылданады.