Бизнес тек табыс емес: «Маревен Фуд Тянь-Шань» Алматы облысына 10 жедел жәрдем көлігін сыйға тартты

Бизнес тек табыс емес: «Маревен Фуд Тянь-Шань» Алматы облысына 10 жедел жәрдем көлігін сыйға тартты

Қазақстандағы тез дайындалатын кеспе өнімдерінің жетекші өндірушісі — «Маревен Фуд Тянь-Шань» халықаралық сауда-өндірістік компаниясы өзінің 10 жылдық мерейтойына орай Алматы облысы тұрғындарына әлеуметтік маңызы бар сый жасады.

Компания облыстық денсаулық сақтау басқармасына 10 жедел жәрдем көлігін табыстады. Бұл — әлеуметтік жауапкершілік аясында іске асқан маңызды қадам.

«Денсаулық сақтау — ел үшін аса маңызды сала. Азаматтардың және біздің қызметкерлеріміздің саулығы — басты құндылық. Сондықтан бұл сыйлық — өңір үшін нақты пайдасы бар көмек болады деп шештік», – деді компанияның басқарушы директоры Алексей Сердюков.

Пресс-тур және өндіріс әлеуеті

Мерейтой аясында компания журналистер мен блогерлерге арналған пресс-тур өткізіп, өндіріс технологиясын, кәсіпорынның даму тарихы мен болашақ жоспарларын таныстырды.

Компания 2015 жылы Қазақстанда тіркелген. Ал 2018 жылы Қонаев қаласына жақын маңда ірі тағам өндірісі зауыты ашылды.

NielsenIQ Kazakhstan деректері бойынша, «Маревен Фуд Тянь-Шань» бірнеше жылдан бері тез дайындалатын кеспе (61,6%) және сорпа (42%) нарығында көш бастап келеді.

Жетістіктер мен жаңашылдық

Компания өнім түрін үнемі кеңейтіп келеді. Бүгінде ассортиментінде 120-дан астам өнім бар. 2024 жылдың өзінде 12 жаңа өнім ұсынылды. Олардың қатарында:

– тез дайындалатын кеспе,

– дәстүрлі макарон өнімдері,

– сорпалар мен дәмдеуіштер,

– картоп пюресі мен ботқалар,

– лимонадтар және энергетикалық сусындар бар.

«Компания 10 жыл ішінде Қазақстанда сенімді дамып, өнімінің 48%-ын Орталық Азия елдеріне экспорттап келеді. 2017 жылдан бері біз 35 млрд теңгеден астам инвестиция салдық. Жақын арада тағы 21 млрд теңгеге жаңа өндіріс желілерін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оборот 8 есе өсті, жылдық сатылым көлемі шамамен 400 миллион данаға жетті», – деді бас директор Сергей Попов.

Өңірлік дамуға үлес

Қазіргі уақытта кәсіпорында 670 адам жұмыс істейді, олардың 95%-ы — жақын маңдағы елді мекен тұрғындары. Компания жергілікті кадрларды жұмысқа тартып, әлеуметтік жобаларды белсенді іске асырып келеді.