Қонаев қаласында халық санының азаюы тіркелді — әкімдік ресми түсініктеме берді

Кеше бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде Қонаев қаласының халқы 8,2%-ға азайып, 65 900 адамға дейін қысқарғаны туралы ақпарат тарады. Бұл көрсеткіштің нақты себептерін Data Hub журналистері де нақты түсіндіре алмады.
Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі ресми түсініктеме жариялады.
«2024 жылғы 9 қаңтарда жаңа әкімшілік бірлік — Алатау қаласы құрылғаны белгілі. Оның құрамына Қонаев қаласына бұрын қарасты болған Заречный және Арна ауылдары толықтай енді. Соған сәйкес, Қонаев қаласының халқы азайды.
2023 жылы қалада 70 512 адам тұрса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 65 024 адамды құрады. Алайда, қазіргі таңда халық саны қайта өсіп, 65 934 адамға жетті. Осыған байланысты қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерінен Қонаевтың өмір сүруге қолайсыз қала деген қате пікірді таратпауын сұраймыз», — делінген әкімдік хабарламасында.
Қала тұрғындары не дейді?
Қоғамдық кеңес төрағасы Сергей Горяныйдың айтуынша, Қонаев облыс орталығы мәртебесін алғалы бері жанданып, қарқынды дами бастаған.
«Қалада мәдени және спорттық іс-шаралар жиі өтеді: жазғы және қысқы дрег-шоу, Oceanman жарыстары, марафондар, түрлі додалар. Бұл — қаланың қарқынды өмір сүріп жатқанын көрсетеді. Спорт инфрақұрылымы дамуда, тұрғындар салауатты өмір салтын белсенді ұстануда. Жаңа жағажайлар, кроссфит алаңдары соның дәлелі. Жазғы шомылу маусымына дайындық жүріп жатыр. Инвестициялық жобалар іске асуда, тұрғын үй құрылысы жанданды. Қала тартымдылығын жоғалтты деген пікір — шындыққа жанаспайды», — деді ол.
Сондай-ақ, «PARYZ Еріктілері» жастар ұйымының төрағасы Әділет Айтқазы да пікір білдірді.
«Қонаев тұрғындары — белсенді әрі ұйымшыл халық. Олар қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайды, шешімін бірге іздейді. Халық саны — маңызды көрсеткіш, бірақ одан да маңыздысы — күнделікті тіршілік пен даму. Бас жоспарға сәйкес, Қонаевтың халқы 200 мың адамға дейін жетуі тиіс. Бүгінде қалада 65 мыңнан астам тұрғын бар. Қазіргі даму қарқынына қарасақ, бұл межеге тез жетеміз. “Жаңа Іле” жобасы мен Академиялық қалашықтың құрылысы өсімге серпін береді», — деді ол.
⚠ Ескерту
Еліміздің заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат тарату және қоғамда әлеуметтік алаңдаушылық туындату — заң бұзушылық болып табылады және жауапкершілікке тартылады.