«Адал азамат, адал жеңіс» акциясы аясында Қонаев қаласында жеңіл атлетикалық марафон өтті

«Адал азамат, адал жеңіс» акциясы аясында Қонаев қаласында жеңіл атлетикалық марафон өтті

Қонаев қаласында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына арналған жеңіл атлетикалық марафон өтті. Іс-шара «Адал азамат, адал жеңіс» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды. Бұқаралық спорттық шараға 1000-нан астам адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, білім беру және спорт мекемелерінің өкілдері мен қала тұрғындары мен қонақтары болды.

Салтанатты ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Болат Күренбеков, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Жармақов және Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов сөз сөйледі. Олар мұндай іс-шаралардың жас ұрпақты салауатты, белсенді және бірлікке бейім етіп тәрбиелеудегі маңызын атап өтті.

«Елімізде әр азаматтың спортпен айналысуына, өз денсаулығына мән беруіне барлық жағдай жасалып келеді. Спортшылардың халықаралық аренада ел намысын лайықты қорғауы – біздің ортақ мақсатымыз. Бұқаралық спортты дамыту, оның ішінде балалар мен жастар арасындағы спортқа басымдық беру, спорттың барлық санаттағы азаматтар үшін қолжетімді әрі тең болуы, дене шынықтырудың үздіксіздігі мен сабақтастығы – еліміздің спорт саласындағы басты қағидаттары. Бұл марафон тек спорттық қана емес, тәрбиелік мәні зор шара ретінде есте қалады деп сенемін», – деді облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков.

«Спорт – денсаулықты нығайтып қана қоймай, адамның рухани дамуына да ықпал ететін маңызды құрал. Бүгінгі марафон – тек жарыс емес, қоғамды сыбайлас жемқорлықтың салдары туралы ақпараттандыру мен оған қарсы күресте бірлікке шақыру мақсатында ұйымдастырылған әлеуметтік акция», – деп атап өтті Антикор қызметінің Алматы облысы бойынша басшысы Болат Жармақов.

Жүгіру алдында қатысушылар үшін қыздыру жаттығуларын ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев пен грек-рим күресінен әлем және Азия жүлдегері Жақанша Қорлан өткізді.

Кейін үш түрлі жас санатындағы спортшылар 5 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Мәреге жеткен әр қатысушы өзінің күш-жігері мен жеңіске деген талпынысын паш етіп, патриотизм мен бірліктің үлгісін көрсетті.

«Мұндай спорттық мерекеге қатысқаным үшін қуаныштымын. Бұл – адалдыққа, салауатты өмір салтына, бірлік пен жауапкершілікке деген адалдықтың жарқын үлгісі. Адал еңбек, ізгі мақсат пен әділетті жеңіске ұмтылу – әр азаматтың борышы. Ал спорт – осы құндылықтарға бастайтын жолдың бірі», – деді қала әкімі Асхат Бердіханов.

Қонаев қаласында бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Жаз мезгілінде тұрғындарға арналған түрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бүгінде жағажай мен кроссфит алаңдарында таңертең және кешке көпшілік жаттығу жасап жүр.

Өткен жылы егде жастағы адамдарға арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылып, онда йога, скандинавиялық жүріс және басқа да пайдалы спорт түрлерімен шұғылдану мүмкіндігі бар.

Қаланың түрлі аумақтарында воркаут алаңдары орнатылған. Мысалы, жаңартылған Сейфуллин көшесінде заманауи спорт аймағы құрылған. Скейт-парк аумағында абаттандыру жұмыстары аяқталып, жағалаулар мен аллеяларда белсенді демалыс үшін барлық жағдай жасалған.

«Алдағы уақытта спорттық инфрақұрылымды әрі қарай дамытып, жаңа нысандар салу жоспарлануда», – деді қала әкімі Асхат Бердіханов.

Жарысқа алғаш рет қатысқандармен қатар, бұған дейін бірнеше марафонға қатысып жүрген спорт сүйер жандар да болды. Дегенмен, барлығына бірдей талаптар қойылды.

«Мен үшін бұл жарыс бірінші емес. Бұрын жеңіл атлетикамен белсенді айналыстым. Қазір спортты кәсіби түрде жалғастырмасам да, мұндай ұсыныстан бас тарту мүмкін емес. Бүгінгі шара – патриоттық рух пен тарихқа құрметті келер ұрпаққа жеткізудің тамаша жолы», – деді ардагерлер арасындағы жеңімпаз, Мәскеуде өткен марафонның әлем чемпионы Алпыс Ермағанбетов.

Ерлер арасында Райымбек ауданынан келген Занғар Айғожауылы үздік атанды. Әйелдер мен қыздар арасында Еңбекшіқазақ аудандық спорт мектебінің тәрбиеленушілері Анастасия Михайлова мен Інкәр Ғайнықызы чемпиондық мінездерін көрсетті.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды.