Қонаев қаласында «Жаттығу» республикалық акциясы өтті

Қонаев қаласында жастардың «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаттығу» республикалық акциясы өтті.
Орталық жағажайдағы воркаут алаңында жаппай таңғы жаттығу ұйымдастырылды. Онлайн форматта жаттығуды танымал қазақстандық спортшылар жүргізіп, денсаулыққа пайдалы жаттығулар кешенін көрсетіп, денеге түсетін күшті дұрыс бөлу жолдарын үйретті. Танымал спортшылармен бірге жасалған жаттығу – жас ұрпаққа салауатты өмір салты мен денсаулыққа мән беруді үйретудің тамаша үлгісі.
«Акцияға 10 жастан бастап кез келген адам қатыса алады. Таңғы жаттығу – адам денсаулығына оң әсер етіп, күн бойы сергек әрі позитивті болуға көмектесетін негізгі шаралардың бірі. Бұл жаттығу республикалық жобаның бір бөлігі ретінде өткізілді. Жоба аясында еліміздегі спорттық аулалық алаңдарды қалпына келтіру көзделген. «Жаттығу» акциясы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Бұл серіктестік 2024 жылдың сәуірінде министрлік пен «Дала Қырандары» қоғамдық бірлестігі арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асуда», – деді грек-рим күресінен Азия чемпионы, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жастар ұйымының өкілі Асхат Ділмұхамедов.
Спорттық бөлімнен кейін қала тұрғындары сенбілікке қатысты.
«Халықтың барлық жас категориясы арасында дене шынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шара – тұрғындардың өмір сапасын арттырып, облыс орталығының көркіне үлес қосады. Біздің жобамыздың мақсаты – жастарды қарапайым, бірақ маңызды істерге жұмылдыру. Мысалы, ауланы тазалау, спорттық алаңдарды жөндеу және т.б. Осылайша, Алматы облысының спортшылары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» республикалық кең ауқымды акциясын қолдап, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға өз үлестерін қосуда», – деді дзюдодан Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Дала Қырандары» ұйымының өкілі Болатбек Жұмағереев.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл республикалық акция еліміздің барлық өңірлерінде өтті.