Қонаев қаласында әскери міндеттілер 25 шақырымдық маршты сәтті аяқтады
Қонаев гарнизонындағы 65476 әскери бөлім базасында Алматы облысының Қорғаныс істері басқармасына қарасты Қонаев қаласы, Кеген және Талғар аудандарынан шақырылған әскери міндеттілермен жиындар жалғасуда.
Оқу-жаттығуға қатысқан елу әскери міндетті радиациялық, химиялық және биологиялық барлау жүргізуге арналған БРДМ-2рхб және ЗиЛ-131 базасындағы автоқұйғыш станциялары арқылы 25 шақырымдық маршты сәтті орындады. Жаттығудың басты мақсаты — экипаждардың өзара іс-қимылын жетілдіру, жауынгерлердің төзімділігін арттыру, техниканың жарамдылығын тексеру және тактикалық машықтарын жетілдіру болды.
– Әскери міндеттілер маршқа дейін техниканы қозғалысқа дайындау, оны тексеру және аялдамаларда қызмет көрсету, колоннада әрекет ету, байланыс жүргізу, шартты түрде залалданған учаскелерден өту тәртібін пысықтады. Ерекше назар автокөлік пен бронды техниканы колонна құрамында басқару машықтарына аударылды, – деді 65476 әскери бөлімінің рота командирі, аға лейтенант Дастан Қадыржан.
Оқу-жаттығу жиыны 30 күнге созылады. Бағдарлама аясында теориялық сабақтар, көлік жүргізу, тактикалық және атыс дайындығы қамтылған. Жиын соңында әскери міндеттілер сынақ тапсырып, нәтижесіне қарай әскери атақтар алады.
Барлық қатысушылар әскери форма, тамақ және медициналық көмекпен қамтамасыз етілген. Жиын кезеңінде олардың тұрақты жұмыс орындары мен еңбекақысы сақталады.
Бұл жиынның басты мақсаты — жауынгерлік және мобилизациялық дайындықты арттыру, армиядағы машықтарды жаңғырту, дайындалған резерв қалыптастыру және әскери ресурс жинақтау.
📎 Ақпарат көзі: Алматы облыстық Қорғаныс істері департаменті / Қонаев гарнизоны әскери бөлімі