Қапшағайда рұқсат етілмеген жағажайда баланы тоқ ұрып мерт қылды
24 мамыр күні Қапшағайдағы бір демалыс базасының маңындағы рұқсат етілмеген жағажайда 11 жастағы бала тоқ соғып қайтыс болды. Қайғылы оқиға әлеуметтік желілерде туыстарының үндеуі арқылы белгілі болды.
Куәгерлердің айтуынша, жағажай маңында құмды төбелер мен көзге көрінбейтін салбыраған электр сымдары болған. Территорияда ескерту белгілері орнатылмаған.
Қонаев қаласының әкімдігі бұл аумақтағы электр желілері жекеменшікке тиесілі екенін хабарлады. Трагедиядан кейін тіректер жағажайдан алыстатылған.
— Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Жағдай бақылауда, — деп мәлімдеді Қонаев қаласының әкімдігі.
Желі қолданушылары жағажай қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық білдіріп, демалыс орындарындағы инфрақұрылымды реттеуді сұрап отыр.