Тарихи құпия дерегі

«Алтын адамның» толық геномы алғаш рет зерттеліп, археологиялық жәдігердің ер адамға тиесілі екендігі дәлелденді. Зерттеуді  халықаралық ғалымдар жүргізді. Әйтсе де әлі де зерттелетін жұмыс бар. Толығырақ тілшіміз тарқатсын. 


Қазақстан, АҚШ, Германия, Аустралия және Оңтүстік Кореялық ғалымдар біздің дәуірімізге дейінгі жылдар аралығында Еуразия даласында жерленген 85 адамның геномына талдау жасады. Осылайша Қазақстанның ең танымал археологиялық жәдігерлерінің бірі – «Алтын адам» геномы алғаш рет толықтай зерттелді .

ГҮЛМИРА МҰХТАРОВА 
«ЕСІК» ТАРИХИ-МӘДЕНИ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
«Бастапқы кезде бізде тек Алтын адамның б.з.д. IV–III ғасырларға жататыны туралы ғана мәлімет берген болатын. Содан бері жеті жыл өтті. Германиядағы генетика институты алты рет зерттеу жүргізіп,  Алтын адамның ер адам екені дәлелденді.»

«Алтын адамның» темір дәуіріндегі сақ мәдениетіне жататыны бұрыннан белгілі болғанымен, оның жынысы туралы мәселе жылдар бойы ғылыми пікірталас тудырып келеді. Әсіресе қорғаннан табылған алтын әшекейлер, күміс, қола және ағаштан жасалған бұйымдар әртүрлі болжамдардың тууына себеп болған. Тіпті кей зерттеушілер бұл қабір әйел адамға тиесілі болуы мүмкін деген пікір айтқан.  

ГҮЛМИРА МҰХТАРОВА
«ЕСІК» ТАРИХИ-МӘДЕНИ МУЗЕЙ-ҚОРЫҒЫНЫҢ БАС ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
«Алтын адамның қаңқа сүйегі бар, бірақ бас сүйегі сақталмаған. Ал ғылымда генетикалық нұсқаулық сақталатын жер — тіс. Егер бас сүйек табылса, Алтын адамның ДНҚ-сын толық зерттеуге мүмкіндік болар еді. Және Алтын адамға байланысты көп құпия ашылар еді.»

Сонымен қатар, ғалымдар Есік қорғанынан табылған 26 таңба қашалған күміс тостағанды зерттеуді жалғастырып жатыр. Жаңа жәдігерді оқудың жиырмадан астам нұсқасы ұсынылғанымен, ортақ ғылыми тұжырым әлі анықталмады. Қазан айында Есік қаласында халықаралық ғылыми конференция өтеді. Онда мамандар ежелгі жазуды жаңа тәсілмен оқуды талқылайды. Бәлкім, дәл осы зерттеулер Есік қорғанының және сақ мәдениетінің әлі ашылмаған құпияларын танып-білуге жол ашар.

Сондай-ақ оқыңыз: