Жайылым көлемі
Шөлейттен жайылымға қалай көшеміз. Елімізде Біріккен Ұлттар ұйымының жаңа жобасы қолға алынды. Негізгі тәжірибе алаңы Алматы облысындағы Ақсай ауылдық округінде орналасады.Топырақ құнарлығын арттырып, жайылымды жақсартатын технологиялар игілігі қандай болмақ? Толығырақ тілші материалында .
Елде 26 млн гектардан аса табиғи жайылым тозған. Бұл мәліметті Қазақ мал шаруашылығы және жемшөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты жариялады. Мамандардың айтуынша, бұл Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған экологиялық мәселе. Осындай тозған жайылымдарды қалпына келтіру бағытында еңбек етіп жүрген сарапшылардың бірі Бақтияр Садық. Оның ғылыми зерттеулері халықаралық деңгейде жоғары бағаланып, еңбегі әлемдегі үздік он ғылыми жұмыстың қатарына енген.
БАҚТИЯР САДЫҚ
ЖАЙЫЛЫМДАРДЫ ТҰРАҚТЫ БАСҚАРУ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ САРАПШЫ
«Біздің Үкімет жайылымдар мәселесінің өзектілігін түсінгеннен кейін халықаралық ұйымдарға хат жазған. Бізге жобаны жүзеге асыру үшін әдістерді көрсетуге жәрдем беріңіз деген. Оған халықаралық сарапшылар да, ұлттық сарапшылар да қатысты. Сөйтіп жоба жасақталды. Онда нақты аймақтардың проблемаларына лайықты шешу тәсілдері көрсетілген.»
Ғалымдардың айтуынша, Алматы облысында негізінен құмды топырақ басым. Әсіресе Іле, Қарасай және Жамбыл аудандарында осы ерекшелік анық байқалады. Сондықтан бұл өңірлерде жайылымдарды қалпына келтірудің арнайы тәсілдері қолданылуда. Мәселен Іле ауданындағы, Ақсай ауылдық округіндегі шаруалар жаңа тәжірибенің аң нәтижесін көруде.
БАҚЫТ ТӨРЕЕВ
АҚСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
«Ақсай ауылдық округінде 70 мың гектар жер бар. Оның ішінде 52 мың гектар жайылым бар. 162 шаруа қожалығы жұмыс істеп отыр. Жалпы бұл кісілердің енгізіп отырған жобасының аясында басқа да жердің құнарын көтеру үшін, мал азығын дайындау бойынша жобаларының пайдасы тиіп жатыр»
Жайылымдарды қалпына келтіру – тек экологиялық мәселені шешу ғана емес. Сарапшылардың пікірінше, жаңа әдістерді тиімді дамытып, кең көлемде енгізу арқылы еліміз өз тәжірибесін экспорттай алады. Бұл болашақта ел экономикасының жаңа бағытта дамуына оң ықпал етпек.