Өрт сөндіру депосы ашылды

Талғар қаласында жаңа өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді. Заманауи талаптарға сай салынған №17 бөлімше 65 мыңнан астам тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Нысанның ашылуы құтқарушылардың жұмыс жағдайын жақсартып, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырмақ. Жаңа нысан жайында толық тілші тарқатады. 


Талғар қаласында бой көтерген жаңа депо – өңірдегі өрт қауіпсіздігі жүйесін нығайтуға арналған маңызды жобалардың бірі. Бұған дейінгі ғимараттың техникалық жағдайы заман талабына толық жауап бермесе, жаңа нысан қызметкерлерге де, тұрғындарға да үлкен мүмкіндік береді. Аумағы 1154 шаршы метр болатын кешен қысқа мерзімде модульдік технология арқылы салынған. Мұнда арнайы көліктерге арналған кең көлікжай, жөндеу шеберханалары, оқу кабинеттері, спорт және демалыс бөлмелері, заманауи байланыс орталығы орналасқан.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
ҚР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР МИНИСТРІ
Біз осында көктем мезгілінде келген кезде мына жерде көргендеріңіз бар шығар бұрынғы қалып қалған, тастап кеткен ғимарат болған, бірақ қаңқасы мықты болған. Осында техникалық зерттеу жүргізіп, барлық шешім қабылдадық және жұмыла осылай жүз күннің ішінде әп-әдемі, функционалды нысан пайда болды.  

МАРАТ СҰЛТАНҒАЗИЕВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Осы жауынгерлер осы 65 мың халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бүгінгі күннен дайын. Бұларға толық өздерінің шеберліктерін шыңдауға, өздерінің жұмыс орындарында жақсы қызмет етуге жағдай жасалды деп айтуға болады. 

Салтанатты шара барысында жаңа техникалардың кілті табысталып, бірқатар қызметкерге қызметтік пәтерлер берілді. Бекет аумағында өрт сөндірушілерге арналған төрт қызметтік баспана қарастырылған. Жаңа ғимарат тек жұмыс орны ғана емес, мамандардың кәсіби дайындығын жетілдіретін кешенді нысан ретінде жабдықталған. Мұнда оқу-жаттығу өткізуге, жеке құрамның біліктілігін арттыруға барлық жағдай жасалған.

АЙДОС ЗИЯБЕК 
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТ СӨНДІРУ ЖӘНЕ АВАРИЯЛЫҚ ҚҰТҚАРУ ЖҰМЫСТАРЫН ҰЙЫМДАСТЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ 
Бұл жерде 27 қызметкер қызмет атқарады жаңадан берілген министрліктен адам саны және төрт техника, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл жерде және де, төтенше жағдайлар, Талғар ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері осында болады. 

Бұған дейін осындай нысандар Кеген ауданында және Шыңгелді ауылында іске қосылған. Алдағы уақытта Шелек ауылында және бірқатар аудандарда жаңа өрт сөндіру бөлімдерін ашу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: