Қотырбұлақтан қоқыс ағып жатыр
Бастауын Алатаудың шың құзынан алатын Қотырбұлақ өзені қанша жылдан бері тазаланып бітер емес. Апта сайын сенбіліктер жасалғанымен өзен арнасы жиі қоқысқа толып қалады. Нәтижесінде суы лайланып, көркі жыл өткен сайын қаша түсуде. Осындай тәртіпсіздікке баратындардың басым бөлігі демалушылар көрінеді. Оларға қандай шара қолданылуда? Қазір өзеннің жай күйі қандай? Толығырақ тілшіміз тарқатсын.
ШҰҒЫЛА БАЙМҰХАН, ТІЛШІ
Пластик бөтелке, қағаз қалдықтары, көлік дөңгелектері мен целлофан пакеттер. Осынша қоқыстың кесірінен бастауында мөлдір аққан өзен суы ауылға жеткенше лайланып кетеді. Ең сорақысы бұл қалдықтар ағыспен төмен аға береді. Салдарынан табиғаттың өзеннің экологиялық жағдайы нашарлап, тұрғындар денсаулығына кері әсерін тигізуде.
Жиналған қалдықтардың салдарынан соңғы жылдары Қотырбұлақ өзені арнасының тарылуы сияқты айтарлықтай мәселелер байқалуда. Бұл өзенінің 7 шақырымға жуығы 70 мың тұрғыны бар Бесағаш ауылынан ағып өтеді. Қоқыс толып ағынның арнасы бітелсе елді мекен үшін қауіпті дейді жауаптылар. Ал ауыл әкімінің сөзінше аумақтағы қоқыс апта сайын тазаланғанымен, ахуалы көңіл көншітпейтін көрінеді.
ЕРНАР ЖҮНІСОВ
БЕСАҒАШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ
«Қотырбұлақ өзенінің басы анау таудан басталады. Бізге жетемін дегенше 4-5 ауыл, қаншама демалыс орын, мекемелерден жүреді. Сол үшін қоқыстың 80 пайызы жоғары жақтан ағып келеді. Сол жақтан келеді, сол себепті жинала-жинала көпірлерді бекітеді. Өзі бір 4 апатты жер бар. Сол жерлерді апталап тазалап отырамыз. Егер сол жерлер бекітілсе ауылға су кету қатері бар.»
Өзен жағасының көп бөлігі туристік орын болғандықтан аялдайтын аумақтың тазалығы көпке ортақ екені айтпаса да белгілі. Табиғатты ластап, тәртіп бұзғандарға арнайы шара қарастырылған. Мәселен, қолындағы қалдығын қалдырған жеке тұлға 10 АЕК көлемінде айыппұл арқаласа, заңды өкілге 40 АЕК көлемінде жаза қолданылады. Бұл дегеніміз 43250 теңгеден бастап, 173 000 теңгеге дейін жетеді.
ҚУАНЫШ ТӨЛЕГЕНОВ
ДЕМАЛУШЫ
«Негізі алдын сел болған судың сәл түрі өзгеріп тұр. Су жақсы болса әдемі болушы еді. Бірақ кішкене қоқыс бар екен. Әр адам өзінен бастау керек демалған кезде барлық заттарын өздерімен алып кетсе. Басында қалдық шашылады бала-шаға, үлкен кісі болғандықтан. Кетер кезде бірақ жинап кетеміз. Өйткені өзіміздің табиғат, келушілерге де ыңғайлы болады демалуға. Бірақ бәрінен де табиғатты аялап отыру керек ғой.»
Былтыр бұл Қотырбұлақ өзені арнасынан асып, бірнеше үйді су шайып кеткен. Жауаптылардың сөзінше апат жағажайдағы жұрттың жауапсыздығынан болған көрінеді.
ЕРНАР ЖҮНІСОВ
БЕСАҒАШ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІ
«Былтыр апатты жағдай болды. Ол жерде де қайтадан адами факторлар. Арнасын кеңейтіп, өзен ортасында қалып қойған ағаштардың барлығын қиып алып тазалап, одан кейін Алатау трассасы мен Құлжа трассасы екі ортасында 1 км 300 метр механический методпен 4метр тереңдікке су арнасын тереңдеттік. Биыл қар көп болғанына қарамастан апаттық жағдай болған жоқ.»
Үлкен экологиялық жүйенің маңызды бөлігі саналатын дәл осы Қотырбұлақ өзені бірнеше елді мекеннен өтіп, Іле өзеніне барып қосылады. Сондықтан тазалықты сақтау, табиғатты аялап, қорғау – маңызды.