Тәтті өнім
Отандық балмұздаққа сыртқы нарықтағы қызығушылық артып келеді.
Биылғы жылдың алғашқы төрт айында елімізден жалпы құны 25 миллион доллардан асатын 6 мың тоннадан астам балмұздақ экспортталған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 77 пайызға көп. Ал өндіріс көлемі бойынша көш басында – Алматы облысы. Өңір кәсіпорындары бес ай ішінде 23 мың тоннадан астам өнім өндірген.
Қазақстанда өндірілетін балмұздақтың үштен екісі, яғни 66%-ы Алматы облысының үлесіне тиесілі. Сондықтан мұндағы кәсіпорындар өнім сапасына айрықша мән береді. Шикізат өндіріс алдында толық тексеріліп, барлық технологиялық талап қатаң сақталады.
АЛЕКСАНДР МИГОЛЬ
БАЛМҰЗДАҚ ҚАПТАУ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Өндіріс сүт пен негізгі шикізатты қабылдап, зертханалық тексеруден өткізуден басталады. Алдымен сүттің майлылығы, қышқылдығы және антибиотиктердің бар-жоғы анықталады. Содан кейін барлық қоспа миксерде араластырылып, пастерлеу процесінен өтеді. Қоспа +4 градусқа дейін салқындатылған соң арнайы резервуарларда жетілдіріледі. Осы технологиялық кезеңдердің барлығы өнімнің сапасы мен дәмін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады
Отандық өнімге сыртқы нарықтағы қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Өткен жылы кәсіпорын Қытай, Ресей, Беларусь, Моңғолия және Орталық Азия елдеріне 14 мың тоннадан астам балмұздақ жөнелткен. Әсіресе дәстүрлі пломбир мен кілегейлі балмұздаққа сұраныс жоғары.
ҰЛАН БОРАНБАЙҰЛЫ
КОМПАНИЯ МЕНЕДЖЕРІ
Әрине, шетелге өзіміздің өнімдерді өткізу немесе жіберу бұл үлкен ауқымды жұмысты талап етеді. Қазіргі таңда былай айтқанда кешенді жұмыстың арқасында біздің өнімдеріміз бәсекеге қабілетті болғаннан кейін сол жағдайда ғана осы сұранысқа ие болып отыр. Ол дегеніміз технологияларды, жабдықтарды біз жаңартып отырамыз, соңғы технологияларды қолданамыз. СКЛ Ол дегеніміз әрбір өнімнің сапалы болуына тікелей әсер етеді
Алматы облысында экспорт көлемі де тұрақты өсіп келеді. Өткен жылы өңірден шетелге жалпы құны 400 миллион доллар болатын өнім жөнелтілген. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығымен қатар тамақ өнеркәсібінің де экспорттағы үлесі ұлғайып келеді. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш жыл сайын орта есеппен 15-20 пайызға артады.
АЙБОЛ РАХЫМБАЕВ
ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Биыл облыста 112 инвестициялық жоба іске қосылады. Олар логистика, өңдеу өнеркәсібі, сауда және туризм бағыттарын қамтиды. Бұл бастамалар өңірдің өндірістік мүмкіндігін кеңейтіп, экспорттық әлеуетін одан әрі нығайтуға негіз болады
Мамандардың айтуынша, Алматы облысының тиімді географиялық орналасуы экспорттың артуына оң ықпал етіп отыр. Халықаралық автокөлік және теміржол дәліздерінің түйіскен тұсында орналасқан өңір кәсіпорындары өнімді сыртқы нарыққа қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік алады. Бұл жергілікті өндірістің дамуына және экспорт географиясының кеңеюіне жол ашып отыр.